Алматыда «Көшпенділер әуені» республикалық байқауы басталды

20.10.2017, 17:20

Алматыда «Көшпенділер әуені» республикалық байқауы басталды

Алматыда «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Бірінші Республикалық «Көшпенділер әуені» домбыра мен қобызда ойнайтын жас орындаушылардың байқауы басталды.

П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде өтіп жатқан байқау колледж директоры, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Біржан Ескендірұлы Хасанғалиевтің бастамасымен ұйымдастырылған. Аталмыш байқауға еліміздің әр аймағынан түрлі өнерпаздар өз бақтарын сынауға келіп отыр.

– Бүгін ерекше, өнерге бай күн. Себебі бүгін алдымен ұлы композитор П.Чайковскиге арналған ескерткіш ашылды, кейіннен «Көшпенділер әуені» атты халық аспаптарында ойнайтын орындаушылар байқауын аштық. Біз үшін бұл – өте қуанышты жағдай. Бұл шараға бірнеше ай бойы дайындық жұмыстарын жүргіздік. Қаншама адам еңбек етті. Сол еңбектің бүгін нәтижесін көріп, куә болып отырмыз. Бүгінгі шараға көптеген қонақтар, белгілі тұлғалар келді. Жұбанов атындағы халық аспаптар оркестрі, «Алатау» хор ансамблі өздерінің өнерлерін көрсетті», – деді Біржан Ескендірұлы.

Сондай-ақ, П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледж оқытушысы, Ұйымдастыру комитетінің мүшесі Лаула Ченемисова бүгінгі шараның негізгі міндеттері мен талаптарына тоқталды.

– «Көшпенділер әуені» байқауының негізгі міндеті – қазақ ұлттық аспаптарында музыкалық орындауды дәріптеу және дамыту, дарынды балаларға қолдау көрсету, сонымен қатар, кәсіби музыкалық-орындаушылық шеберлік деңгейін арттыру болып табылады. Байқау екі номинация бойынша өтеді: қобыз және домбыра. Әр номинацияның өздеріне жеке берілген орындары бар, – дейді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жүлделі орындарға ие болған байқау жеңімпаздары қаржылай сыйақыға ие болады. Ал, байқаудың шарты бойынша бас жүлдеге табысталатын сыйақы екіге бөлінеді, оның жартысы байқау жеңімпазының ұстазына берілсе, қалған жартысы орындаушыға беріледі. Бұл – бүгінгі байқаудың басты ерекшелігі.

Шығармашылық байқауға нағыз мамандар қазылық етеді. Атап айтқанда, белгілі қобызшы Раушан Мұсаходжаева, күйші, композитор, профессор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ермұрат Үсенов, домбырашы Мұрат Абуғазы сынды елімізге белгілі тұлғалар байқау қатысушыларының өнерін бағаламақ.

Айта кетейік, «Көшпенділер әуені» республикалық байқауы үш күн – 20-22 қазан аралығында өтеді және бұл шара осымен үшінші жыл қатарынан өткізіліп келеді.

Ақбота Мұсабекқызы

«Skifnews.kz» ақпараттық порталына гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.

E-mail: info.skifnews@gmail.com

Сайтта жарнама орналастыру

   

Skifnews жаңалықтарын Facebook-те
оқу үшін "Нравится" белгісін басыңыз

  

 


©2016 Skifnews.kz. Авторлық және жарнама құқықтар толығымен сақталады.

DivideGroup — сайт әзірлеуші