Шымкентте халықаралық «Дарын» фестивалі өз мәресіне жетті - Жаңалықтар. Қазақстанның жаңалықтары. Skifnews.kz ақпараттық портал

Шымкентте халықаралық «Дарын» фестивалі өз мәресіне жетті

13.11.2016 19:58
Шымкентте халықаралық «Дарын» фестивалі өз мәресіне жетті Отырар-ТВ

Шымкентте халықаралық екінші «Дарын-2016» балалар фестивалі өтті. Екі күнге созылған өнер жарысы биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отыр. Оған 450-ге жуық ұл-қыз қатысып, 7 жанр бойынша бақтарын сынады.

Сахнаға шыққан Ардақ Берікбай үшін бұл алғашқы сынақ емес. Бұған дейін бірнеше байқауларға қатысып үлгерген жас өнерпаз шығарма таңдауға ерекше мән беріпті. Талабы да таудай! Ескендір Хасанғалиевтың репертуарындағы «Атамекен» әнін ерекше тебіреніспен шырқады. Бұл сәтте ұлының тілеуін тілеп, тақымын қысып отырған анасының толқынысын аңғармау мүмкін емес еді.

Ардақ берібай, байқауға қатысушы:

«Мен музыканы сүйемін. Болашақтағы өмірімді осы саламен байланыстырғым келеді. Музыка әлеміндегі Ескендір Хасанғалиев атама ұқсап, әнші болғым келеді. Сондықтан түрлі жарыстарға қатысып, өзімді шыңдасам деймін. Ал мұндай сайыстарға қатысу мен үшін үлкен тәжірибе болмақ».

Биыл екінші рет халықаралық дәрежеде өткен «Дарын» фестиваліне еліміздің 9 облысынан 400-ден астам бала қатысты. Сонымен қатар Ташкент қаласынан келген 17 үміткер де өзгелермен бірге жүлдеге таласты. Вокал, бейнелеу өнері, хореография, дәстүрлі ән, инструменталды музыка мен мәнерлеп оқу бойынша ұйымдастырылған фестивальдің өтуі дәрежесі жыл сайын жоғарылай түсуде дейді ұйымдастырушылар.

Роза Әміреқызы, «Дарын» балалар фестивалінің ұйымдастырушысы:

«Конкурстың дәрежесі жоғары. Оны өзге елден келіп, қатысып жатқан үміткерлерден де байқауға болады. Қатысушылардың да дайындығы жоғары. Сонымен қатар халық аспаптары, оның ішінде ұрмалы, үрмелі, шекті аспаптар бойынша қатысушылардың өзі 80-ге жетеді. Бұл да біз үшін үлкен жетістік».

Жарыстың жеңімпаздары жарты жолда қалмайды дейді ұйымдастырушы. Яғни «Дарын-2016» байқауының жүлдегерлері түрлі халықаралық жарыстарға жолдама алып, үлкен сахнаға шығады. Таланттыларды танып, оларға жол ашуға бағытталған өнер сайысы жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі.

Сонымен, биылғы фестивальдің бас жүлдесі қонақтардың еншісіне тиді. Өзбекстандық дарынды, талантты балалар өз өнерімен көрерменін де, қарсыластарын да тәнті етті.

«Skifnews.kz» ақпараттық порталына гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.

E-mail: info.skifnews@gmail.com

Сайтта жарнама орналастыру

   

Skifnews жаңалықтарын Facebook-те
оқу үшін "Нравится" белгісін басыңыз

  

 


©2016 Skifnews.kz. Авторлық және жарнама құқықтар толығымен сақталады.

DivideGroup — сайт әзірлеуші