09.02.2018, 09:23

"ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі қазақстандықтардың аудиториясы 18 миллион аккаунт

Tengrinews.kz

"ВКонтакте"  – Қазақстандағы ең танымал әлеуметтік желі. Әлеуметтік желілердің өзіндегі мәліметтерге қарағанда, "ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі қазақстандықтардың аудиториясы 18 миллион аккаунт, Facebook желісінде 12 миллион, ал Instagram желісінде 4 миллион.

Бірақ Twitter желісіндегі қазақстандықтардың аккаунты шамамен 10 мың. Отандық сарапшылар әлеуметтік желілердің болашағы жайлы айтты деп жазады Tengrinews.kz.

"Әрине, "ВКонтаке" желісінің басып озатыны cөзсіз. Бұл әлеуметтік желінің өңірлерде танымал болуымен және жастар арасында танымал болуымен байланысты", - деді Қазақстан Интернет-ассоциациясының президенті Шавкат Сабиров.

Ал PR-маман Ринат Балғабаев "ВКонтакте" әлеуметтік желісінің танымалдығын оның заңсыз контентпен айналысуында деп түсіндіріп отыр.

"Бұл дегеніміз порнография, видеороликтер, музыка, пираттық фильмдер мен кітаптар. "ВКонтакте" желісінің басым аудиториясы - жастар осы үшін "ВКонтакте" желісінен шықпайды. Ал Facebook пен Instagram  индивидуалистік желі деп айтуға болады, ал "ВКонтакте" - ұжымдық желі. Себебі қолданушы онда спорттық іс-шараларға, әртістерге, концерттерге және тағы басқа іс-шараларға арналған топтарға тіркеліп, бір-бірімен әңгімелесе алады. Міне, оларды осы біріктіреді", - дейді Ринат Балғабаев.

"Танымалдық деген басқа, ал әсер ету деген басқа. Әсер ете алатын желі ол - Facebook, ал ең танымал желі - "ВКонтакте" желісі. Бірақ ол жақтан музыка мен тыйым салынған контентті алып тастасаң, танымал болмай қалады деп ойлаймын", - деді өз кезегінде коммуникация саласындағы белгілі маман Әлішер Елікбаев.

Twitter неге қолданыстан шығып барады?

 Шавкат Сабировтың пікірінше, Facebook пен Twitter желілерінің аудиториясы Қазақстанда ғана кеміген. "Өзге елдерде Facebook желісін қолданатындар 70 пайыз болса, Қазақстанда тек 10 пайыз. Біздің елде Facebook Ғаламторды "жарды" дегеннің бәрі ертегі, мұны қоздырып отырған осы желіні қолданушылардың өзі. Түрлі мәліметтерге сүйенсек, 2014 жылдың жазында Facebook аудиториясы төрт есе өскен. Ол кезде елімізде айтарлық ештеңе болған жоқ, алайда, 2014 жыл Украинадағы қақтығыстармен есте қалды. Ол аккаунттарды кімнің және қандай мақсатпен ашқаны белгісіз", - дейді сарапшы.

Сабиров Facebook аудиториясын сауаттырақ деп атауға болатынын айтады. "Бұл желіде сауаттырақ адамдар отырады, бірақ, олар азайып барады", - деп атап өтті ол.

Ал Әлішер Елікбаев Twitter қолданушыларының азайып кеткенін қазіргі шындықпен байланыстырды. "Twitter желісінің көпшілік арасында ең танымал болған шағы, Ғаламтордың жылдамдығы аз, адамдарға сурет немесе видеодан гөрі 140 таңбаны жазған жеңілдеу. Кейін жылдамдық артып, Twitter желісінің 140 таңбамен шектеулі күйде қалды. Адамдарға суреттер қарау қызықтырақ еді. Бұл аудиторияның табиғи жолмен азаюына әкелді", - деп түсіндірді Елікбаев.

"Бізде ойын қысқа да, нұсқа етіп, 140 таңбаға сыйдыра алатын адамдар көп емес", - деп атап өтті ол.

Қарқынды дамып жатқаны қайсы?

Қазақстанда әлеуметтік желілер арасында тез дамып жатқаны - Instagram. "Бұл мүлдем бөлек" әлем, ол өзімен өзі өмір сүріп жатыр. Instagram - өз ішінде жабылған желі. Аудиториясы әлеуметтік желіде өмір сүріп жатыр және кей кездері постқа жазылған пікірлер саны мыңнан асып жатады, қолданушылар саны - жүз мыңнан асады, ал қаралымы - миллионнан асады. Сонымен қатар, Instagram желісінің саясаты мысалы "ВКонтакте"-мен салыстырғанда әлдеқайда қарапайым", - дейді Сабиров.

"Instagram қарқынды дамып жатыр, себебі олар әрдайым жаңа жүйелер енгізіп тұрады. Олар басқа да әлеуметтік желілердің ең мықты қызметтерін енгізіп жатыр. Осылайша Instagram тікелей трансляцияны қолданып, Periscope желісін "өлтірді"; stories жүйесін енгізу арқылы Snapchat желісі мен алты секундтық видео түсіру желісі - Vine-ды да "өлтірді". Қазіргі уақытта Instagram желісінде маркетологтардың қаптап кеткенін көріп жүрміз, осының салдарынан адамдар басқа да алаңдарды іздеуі мүмкін", - деді Елікбаев.

"Адамдар ақпаратты фото мен видео арқылы қабылдап жүр. Сонымен қатар, мұнда аудитория аралас - онда жастар мен ересектер де отырады. Менің ойымша визуал және интерактив контентке назар аударған әлеуметтік желінің болашағы бар", - дейді Ринат Балғабаев.

Болашақта қандай контенттің дәуірі жүреді?

Қазақстан Интернет-ассоциация басшысының пікірінше, әлеуметтік желілер елді бөлген. "Facebook ірі қалаларда танымал. Ал шағын қалаларда "ВКонтакте" танымал. Біздің қолданушылар түрліше өмір сүріп жатыр. Бір оқиғаға әлеуметтік желі қолданушыларының пікірі мен берер бағасы басқа. Барлығы жылдам өзгереді. Ірі әлеуметтік желілердің иелері қолданушылардың мәліметтерін қорғап бақса, Ресей мен Батыстың текетіресі Facebook пен Твиттердің ақпаратқа белсенді әсерін көрсететінін байқатып отыр. Тіпті сплинтернет деген Интернеттің жаңа түрі пайда болды. Бұл дегеніміз ұлттық сегменттер белсенді дами бастайды деген сөз", - деп ойын білдірді Шавкат Сабиров.

Әлішер Елікбаев мессенджерлердің рөлі басым бола бастағанын айтып отыр. "Арнамды жүргізіп, Telegram-да қарқынды дами бастадым, бірақ мен онда ұзақ уақыт қалып қоятынымды білдірмейді. WhatsApp қызық бір жаңалық енгізіп қалуы да мүмкін. Қазіргі өмірімде 60 пайыз - WhatsApp, 40 пайыз - Telegram. Мессенджерлер де айтарлықтай жақсы дамып жатыр", - дейді ол.

"Трендтерді өз кезінде таба білетіндер жетістікке жетеді. Ал олар контентті гаджеттер арқылы тұтынуға көшетін шығар. Қазіргі уақытта адамдар тіршілікке басымен кіріп, контентті тезірек алғысы келеді, сол үшін контентке бір ғана қадаммен қол жеткізгісі келеді. Сондықтан болашақта фото, видео және мәтіні аз жазбалардың дәурені жүреді", - деп есептейді Балғабаев.

"АСТ Қазақстан" зерттеу компаниясының мәліметінше, Қазақстандағы әлеуметтік желілердің танымалдық рейтингі былай екен: "ВКонтакте" - 43 пайыз, "Одноклассники" - 34 пайыз, Instagram - 31 пайыз, Мой Мир - 21 пайыз, Facebook - 19 пайыз, Twitter - 5 пайыз, қалғандары - 3 пайыз. Қолданушылардың басым көпшілігі Алматы (18 пайыз), Қарағанды (12 пайыз), Шымкент (11 пайыз) және Астана (8 пайыз) қалаларынан екен.

Telegram-каналға жазылып, бәрінен хабардар болыңыз!

Пікір қалдыру үшін әлеуметтік желі арқылы кіріңіз

SN туралы      Жарнама

      info.skifnews@gmail.com

«SN.kz» ақпараттық порталына гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.

   

Skifnews жаңалықтарын Facebook-те
оқу үшін "Нравится" белгісін басыңыз

  

 

©2016-2018 Skifnews.kz. Авторлық және жарнама құқықтар толығымен сақталады.