$ 446.49  475.38  4.79

Руxани жаңғыру: Фотографтың суретін ұрлаған Мәдениет министрлігі 1,5 млн теңге айыппұл төлеуі мүмкін

Біраз уақыттан бері Алматы қаласы Бостандық аудандық сотында фотограф Сәрсенбек Қызайбекұлының Мәдениет және спорт министрлігі мен Алматы қалалық ішкі саясат басқармасының үстінен түсірген талап арызы бойынша сот жүріп жатыр.

Әуел баста фотографтың суретін "Рухани жаңғыру" бағдарламасын насихаттау үшін сұрап, бірақ,  50 мың теңге гонорарды көпсінген Мәдениет министрлігі енді сотта жеңілсе, 1,5 миллион теңге өтемақы төлеуі мүмкін.  Бұл туралы ісітің анық-қанығын фотограф Сәрсенбек Қызайбекұлы айтып берді.

— Сәрсенбек мырза, жалпы, бұл дау қашан және қалай басталды, айтып беріңізші?

— Маған суретімді "Рухани жаңғыру" бағдарламасын насихаттау үшін билбордқа пайдаланайық деп рұқсат сұрап, Мәдениет министрлігінің өкілдері өткен тамызда бірінші рет хабарласқан болатын. Гонорар төлесеңіздер, рұқсатымды беремін дедім. Министрліктен хабарласқан адамдар қаржы жағы қарастырылмағанын, бірақ, басшылыққа айтып көретіндерін айтып, тағы хабарласамыз деді. Сонымен әңгіме біткен болатын, сол қалпы хабарласпады.Ал қыркүйек айының ортасына қарай менің суретім билборд болып ілініп тұрды. Әріптестерім, журналистер, жалпы, бұл сурет менікі екенін білетін адамдар маған хабарласып, суретің ілініп тұр екен деп, ана жақтан, мына жақтан суретке түсіріп жіберді. Билбордтар әр жерде ілінген, облыс орталықтарында, аудандарда, қалаларда.

Сол кезде авторлық құқықым бұзылды деп, алғаш рет фэйсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшама жазба қалдырдым. Менімен хабарласқандары рас, мен гонорар сұрадым, бірақ, гонорар төленбеген соң, келісімшарт та болған жоқ. Яғни, рұқсатсыз пайдаланды деген сөз.Сол жазбамды оқыған әріптестерім, заңгерлер, қарапайым оқырмандар сотқа беруге болады деп пікір қалдырыпты. Шыны керек, менің әуел баста соттасайын деген ойымда болған жоқ. Суреттерімді бұған дейін де рұқсатсыз пайдаланған жағдайлар басымнан көп өткен. Бірақ, бұл жолы сурет бүкіл республика тарап кеткен соң, сотқа беруге бекіндім. 

— Осыған дейін соттың неше отырысы өтті?

— Бірінші, екінші, үшінші отырыстары өтті. Енді 26 ақпан күні төртінші отырысы өтеді. 

— Сот процесі қалай өтіп жатыр? Негізгі жауап берушілер кімдер болып отыр?

— Сотта жауап беріп отырған Алматы қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы мен мәдениет және спорт министрлігі. Басында айтқанымдай, сурет аймақ-аймақтың бәрінде ілініп тұр. Бірақ, дәлел болу үшін өзім тұратын Алматы қаласындағы билбордтарға қатысты соттасып жатырмын. Қалалық ішкі саясат басқармасының айтуы бойынша, билбордтарды іліңдер деп мәдениет және спорт министрлігі арнайы хат жібергендіктен, көшелерге ілген.  Қысқасы, екі орган бір-біріне сілтеп жатыр. Ал, сотта мәдениет министрлігі мен ішкі саясат басқармасының заңгерлері жауап беруде. 

— Сіздің заңгеріңіз бар ғой?

— Ия, менің адвокатым бар. Өзім заңды бүге-шүгесіне дейін білмейтін болғандықтан, заңгер жалдадым. 

— Сіз қандай өтемақы сұрап отырсыз? 

— Қазір біз 1,5 миллион теңге ғана өтемақы талап етіп отырмыз. Сот әлі аяқталған жоқ, қандай да бір болжам жасау қиын. Бірақ, заңгерімнің айтуы бойынша кез келген автордың рұқсатынсыз оның туындыларын пайдалану 100 айлық есептік көрсеткіштен 15 мың айлық есептік көрсеткішке дейін өтемақы талап етіледі екен. Оның өзінде, бір туынды үшін. Ал, бұл сурет есепсіз пайдаланылған, балабақшаларда, мектептерде, көшелерде…

Осының бәрін ескерсек, біз сондай бір көп ақша талап етіп отырған жоқпыз деп ойлаймын. Ең қызығы, мен әуел баста олардан (мәдениет министрлігінен – авт.)50 мың теңге ғана гонорар сұраған едім.  Кейін хабарласамыз деді де, жоқ болып кетті.  Ал, мен әлеуметтік желіге жазып, сотқа беретінімді айтқанда, қайтадан хабарласып, сол 50 мың теңгені төлей салайық деді. Мен, әрине, оған келіспедім. 

— Мәдениет министрлігі мен ішкі саясат басқармасы осы үш отырыста сізге гонорар төлемегендерін, жалпы, суретті рұқсатсыз пайдаланғандарын мойындады ма?

— Ия, олар жағдайдың солай болғанын растап отыр.  Арада ешқандай келісімшарт болмаған. 

Sputnik: Жалпы, сот қашанға дейін созылады деп болжап отырсыздар? Іске қашан нүкте қойылады?

— Қазір қандай да бір болжам жасау қиын. 26 ақпан күні өтетін келесі отырыста мүмкін бір шешім шығатын шығар. 

— Білуімше, бұл сурет жаңа емес, бірнеше жыл бұрын түсірген суретіңіз ғой?

— Ия, бұл суретті 2014 жылы Алматы облысында құсбегілердің жарысы болған. Сол кезде түсіріп алған суретім. Көп жерде байқалып, халықаралық конкурстарға қатысқан, «Үркер» сыйлығын алған сурет. Бір қызығы, мәдениет министрлігінің заңгерлері суретті ғаламтордан алып, үлкейтіп, билборд жасадық дейді. Бірақ, ғаламтордан алынса, үлкейткенде оның сапасы нашарлайды. Ал, билбордтардағы сурет өте қанық, сапалы, түпнұсқаны пайдаланғандай. Сол жағы әлі анықталмай жатыр. 

— Елбасы жариялаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғамның, Қазақстан халқының сана-сезімін жаңғыртып, жақсылыққа бастауға бағытталған дейміз. Бірақ, бұл жерде "рухани жаңғыру" ұрлықтан басталып тұрған сияқты. Жалпы, құқығы бұзылған адам ретінде, өз пікіріңізді айтыңызшы, бізде неге авторлық құқық мәселесі реттелмеген деп ойлайсыз? Мемлекеттік органдар біреудің еңбегіне әлі де немқұрайлы қарайтын сияқты.

— Олай болатын себебі, дәл фототілшілерге қатысты айтсам, Қазақстанда суреті заңсыз, рұқсатсыз пайдаланып жатқан фотографтар қаншама, бірақ, олар сотқа бермейді. Соттасып, өз құқығын дәлелдемеген соң, ешкім фотографтарға  автор ретінде қарамайды. Шығармашылық адам ретінде қабылдамайды. Суретіңді интернетке салсаң, пайдалана беруге болады деген түсінік қалыптасқан. Қазақстанда авторлар қоғамы бар, бірақ ол қоғам фотографтардың емес, көбіне, композиторлардың, ақын-жазушылардың құқығын қорғайды екен. Мен ол қоғамға да бардым, бірақ ол жақта фотографтың құқығын қорғау ісі болмапты, бірінші рет келіп тұрсыз деді. Осыған қарап та, Қазақстанда фотографтардың өнері, еңбегі елеусіз екенін түсінуге болады. 

— Уақыт бөлгеніңізге рақмет. Соттың әділ өтуіне тілектеспіз. Сау болыңыз!

Дереккөз: Sputnik Қазақстан 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары