$ 448.15  483.46  4.86

Өзбекстанда оқушылардың маңдайына «екілік» қойған мұғалімдердің үстінен қылмыстық іс қозғалды

Өзбекстанда бірінші сынып оқушыларының маңдайына "екілік" қойған мұғалімдерге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп жазады centralasian.org. Бекабад қаласының прокуратурасы атышулы №5 орта мектептегі тергеу алдындағы тексеруін аяқтады.

Еске салайық, Ташкент облыстық халыққа білім беру басқармасының хабарлауынша, Бекабад қаласындағы №5 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі үлгерімі төмен, тәртібі нашар бірінші сынып оқушыларының маңдайына "екі" қойған. Мұғалімнің бұл әрекетін прокуратура "психологиялық қысым қолдану" деп бағалаған.

Тергеу мәліметі бойынша, биыл 3 мамырда бастауыш сынып мұғалімі М. Хамдамова үй тапсырмасын орындамаған төрт оқушының маңдайына "екі" қойып берген. "Хамдамовамен жауласып жүрген оның әріптесі С. Рахмонова бұны естіп, ертесіне ол оқушыларды өзіне шақырған, маңдайларына тағы да "екі" қойған. Балаларды суретке түсіріп, суреттерді Интернетке салған, екіліктерді Хамдамова қойды деп жазған", - деді прокуратура қызметкері.

Бұған қоса, тексеру барысында бұл мектептен 21 млн сумнан астам (2,6 мың доллар) бюджет қаражаты қолды болғаны анықталды.

Тексеру нәтижесінде М.Хамдамова мен С.Рахмонова жұмыстан шығарылды. Мектеп директоры Д.Бабамуратова мен оның бес орынбасары жұмыстарына салғырт қарағаны үшін қызметтерінен алынды. Бекабад қаласы халыққа білім беру бөлімінің орынбасары М.Кузибаев ескерту алды.

Екі фактіге байланысты да қылмыстық іс қозғалды, алдын ала тергеу жүріп жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары