$ 443.85  474.3  4.8

Электронды жүйеге көшетін болсақ 13 млрд теңге үнемделетін болады – Абылайхан Оспанов

Толықтай электронды форматқа көшетін болсақ 13 млрд. теңге үнемделмек. Бұл халық үшін айтарлықтай тиімді, дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация» КЕАҚ Басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов Sn.kz порталына берген сұхбатында.

«ХҚКО-ға бару үшін тұрғынның уақыты мен қаражаты кетеді. Мәселен, мамандандырылған ХҚКО-ға барып құжатын 2 сағатта алса, ал электронды түрде үйде отырып-ақ, құжатты шығындалмай-ақ алу мүмкіндігіне ие. Егер біз толықтай электронды жүйеге көшетін болсақ 13 млрд. теңге үнемделетін болады. Бұл халық үшін айтарлықтай тиімді», – деді А. Оспанов.

Оның айтуынша, цифрлық сауаттылықты үйрету үшін арнайы курстар ұйымдастырылады. Қазіргі таңда ол курстарды жүргізу үшін арнайы спикерлер де дайындалу үстінде.

«Цифрлық сауаттылық үшін арнайы курстар ұйымдастырамыз. Ол үшін қазіргі таңда арнайы спикерлер дайындаудамыз. Бұл курстар цифрлық ХҚКО-да өтеді, сондай-ақ мектептер мен ЖОО-на біздің спикерлер барып дәріс оқитын болады. Ал, шалғайдағы ауылдық елді мекендер үшін 70 мобильді ХҚКО-лар бар. Олар алыс ауылдарға барып, цифрлық сауаттылықты үйрететін болады. Сол арқылы ауылдағы ағайын өз-өздеріне қызмет ете алады», – деп түйіндеді Басқарма төрағасы.

Айта кетейік, елімізде цифрлық сауаттылықты арттыру үшін Цифрлық халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылған болатын. Қазіргі таңда мұндай орталық Астана, Алматы, Шымкент қалаларында бар. Алдағы уақытта еліміздің басқа да өңірлерінде ашу жоспарлануда.

Естеріңізге сала кетелік, ХҚКО 2007 жылы төрешілдік пен әкімшілік кедергілерді жою мақсатында қазақстандықтарға бір терезе қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсету үшін құрылды.  Барлығы үшін тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, түрлі органдардың құжаттарын дайындау жөніндегі қызметтерді бір жерде алу мүмкіндігін жасау, сондай-ақ құжаттарды орындаушы мен азаматтардың арасында тікелей байланысты болдырмау ХҚКО ның басты оң қасиеттеріне айналды. Елбасы тапсырмасы бойынша елімізде жүзеге асырылып жатқан «бір терезе» жобасының тиімділігі  толық дәлелденіп отыр.

Сонымен қатар бүгінде  ХҚКО арқылы ақылы қызметтер көрсету жұмысы қарқынды жүруде. Алдағы уақытта да бұл қызметті барлық тұтынушылар пайдалана отырып уақыт үнемдеп тез арада құжаттарын дайындатып алуына болады. Қызмет  жеке және заңды тұлғаларға көрсетіледі. ХҚКО әрі қарай да халыққа жемісті еңбек ете бермек.

Шошаева Айнур Санабековна

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары