$ 448.89  477.93  4.76

Әкімдік 9 айдан кейін өртенетін тиінге ақша құртқанша, ауылымызға ауыз су тартса ғой – Алматы тұрғыны

Өткен демалыста ғана небәрі 2 күн ішінде Алматының қақ ортасында тиін мүсіні орнатылып, қоғамның кең талқысын туғызған болатын. Жұртты ашуландырғаны - алып мүсіннің бағасы, қарапайым сабаннан жасалған нысанға 23 миллион теңге жұмсалыпты. Оның 15 миллионын Алматы әкімдігі бөлген. Ал, ауыз суға жарымай отқан қала іргесіндегі ауыл тұрғыны болса биліктің бұл әрекетін түсіне алмай дал.

«Алматының іргесіндегі өзім тұратын 71-разъезд ауылында мамыр айынан бастап ауыз су жоқ. Күн 40 градус күйіп тұр, біздің ауылдың тұрғындары ішерге бір жұтым су таппай жүр. Ал судың күшін (напор) көбейту үшін әкімдік «қаражат жоқ» дейді. Бірақ қаланың қақ ортасына 23 миллионға тиін орнатып, оны тоғыз айдан кейін өртеуге ақша табылады. Бұл мәселені Алатау ауданы әкімдігі шешіп береміз дегелі бір ай өтті, қалалық әкімдікке мамыр айында шағым айттық.

Ораза айында да ел-жұрт дәретін алып, мейірін қандыратын су таппай сабылды. Міне, шілденің шіліңгір ыстығы келді. Бізде әлі су жоқ. Кір жуып, душқа түсу былай тұрсын, ішерге су таппай, жердің астынан шығатын құм аралас лай суды бір-бірімізден тасып жүрміз. Алатау ауданы депутаттарына да жеке өзім шығып, көмек сұрадым. Көмекшілері атқамінерлерге аталған мәселені жеткізіп, бір хабарын беретіндерін айтқан. Әзірше хабарласқан ешкім жоқ. Әкімдік қаланың көркеюіне деп тоғыз айдан кейін өртенетін тиінге қаражат бөлгенше, су таппай сандалған халықтың проблемасын шешсе ғой», – деп ашынды Айжан Қалиева есімді Алматы тұрғыны.

Айта кетейік, тиінді жасауға 23 миллион теңге қаражат жұмсалған. Оның 15 миллионын мемлекет, ал қалған 8 миллионды Funk төлеген. Мүсіннің биіктігі 12 метр. Туындының авторы Оңтүстік Африкадан келген Мариус Янсен Ван Вуурен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары