$ 444.32  473.33  4.76

Өскеменде Ұлы Абайдың басы қоқыста жатыр

Өскеменде Абайдың мүсіні күл-қоқыстың арасына тасталған. 2014 жылы Шемонайха ауданының әкімдігіндегілер тапсырыс беріп жасалған мүсіннің бүгінгі күйі халықтың ашуын тудырды деп хабарлайды altaynews.kz.

Бұл жағдайды «Дидар» газетінің ардагер журналисі Әміренов Мұрат байқап қойған.

«Кеше әуежай жақтағы гаражыма бара жатсам, сол жердегі бір жер үйдің қақпасының алдында шаң-шаң болып Абай атамыздың кеуде мүсіні жатыр. Үлкендігі әжептәуір. Жүрегімді қан жылатқаны сол, әлгі мүсіннің күл-қоқыстың арасында жатқаны болды», - деп мәлімдеме жасаған журналист.

Осы оқиғадан кейін altaynews.kz журналистері аталмыш орынға жеткен.

«Содан салып-ұрып барсақ, расында да сол аэропорт жақтағы Семипалатинская көшесінде орналасқан 86 үйдің қақпасының алдында Абай атамыз жатыр. Жатқан жоқ, тұр екен. Айналасы күл-қоқыс, төгілген құм, шашылған қызыл кірпіштер. Ары-бері қозғап көрмек болып едік, ауыр екен. Үш адам қозғалта алмадық. Сол сәтте үйдің иесі де сыртқа шықты. Өзін Владимир Самойлов деп таныстырған азамат сол үйдің қожайыны екен. Нақтырағы сол үйдің қожайыны болған мүсінші Самойловтың ұлы боп шықты», - дейді тілшілер.

Ал Владимир Самойлов биліктегі азаматтарға өкпелі екенін, кезінде мүсінге тапсырыс беріп, кейін алмай қойғанын айтып берген.

«Абайдың мына кеуде мүсінін 2014 жылы Шемонайха ауданының әкімдігіндегілер тапсырыс беріп жасатқан. Кейін қаржылары болмай қалды ма, әлде Абайдан айнып қалды ма, әйтеуір, алмай қойды. Мұны мен емес марқұм әкем жасаған», - дейді мүсінші Владимир Борисович Самойловтың ұлы.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Өскемен #Абай