$ 443.85  474.3  4.8

Астанада аймақтық БАҚ өкілдерінің ауқымды форумы өтпек

Еліміздің түпкір-түпкіріндегі журналистер Елордаға өзекті мәселелерді талқылау үшін жиналмақ.

Аймақтық БАҚ өкілдерінің форумы Astana Media Week шеңберінде 27 қыркүйекте бір күні бойына өткізіледі. Ұйымдастырушысы - аймақтық БАҚ Альянсы. Форум бағдарламасында масс-медиа жұмысына қатысты заңдарды өзгерту, медиа сауаттылықты дамыту мен медианы сандық трансформациялау бойынша бірнеше панельдік сессия бар. Форумға қатысам деушілердің бәріне есік ашық.

Astana Media Week 2018 шарасының екінші күні ҚР ақпарат және коммуникациялар министрлігі Қазақстанның аймақтық БАҚ өкілдерінің форумын өткізеді.

Аталған шара БАҚ дамуының анағұрлым өзекті мәселелерін, жаңа конвергентті формаға көшу мүмкіндіктері мен қиындықтарын талқылауға бағытталған.

«Отандық масс-медиа қызметіне қатысты заң саласындағы реформалар» тақырыбындағы панельдік сессия шеңберінде қатысушыларға өзгерістер мен олардың «БАҚ туралы», «Жарнама туралы» заңдар, «Балаларды олардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттардан қорғау» заңнамасындағы журналистер жұмысына ықпалы туралы түсіндіріледі.

«Қазақстандағы медиа білім мен медиа сауаттылықты дамыту мәселелері мен перспективалары» тақырыбындағы келесі сессияда Білім министрлігі мамандарымен, журналистика кафедрасының оқытушылары және студенттерімен, балаларға, мектепке және студенттерге арналған БАҚ редакторларымен, ҮЕҰ өкілдерімен мәселелер талқыланбақ.

«Медианы сандық трансформациялау: нарық, контент дистрибуциясы мен өндірісі қалай болмақ» тақырыбындағы үшінші панельдік сессияда еліміздің мықты деген спикерлері, танымал масс-медиа басшылары сөз сөйлейді. Олар анағұрлым сұранысқа ие контентте аудиторияның қалауының өзгеруі, digital-тұғырнамаға көшу және қатал бәсекелестік жағдайында дәстүрлі БАҚ-тың сақталып қалу жолдары туралы айтады.

Еске сала кетейік, Елордадағы Қазмедиа орталығында қыркүйектің 26-28 аралығында бұқаралық ақпарат құралдары, баспасөз қызметтері, блогерлер және басқа да медиа қатысушыларына арналған кең ауқымды шаралар сериясы - Astana Media Week өтеді. Бұл - Орталық Азияда жыл сайын өтетін ірі оқиғалардың бірі.

Аstana Media Week 2018 мақсаты - отандық медиа саласын дамытып, аймақтық деңгейде индустриядағы іскерлік қатынасты алға жылжыту.

Astana Media Week 2018 ұйымдастырушылары болып ҚР Ақпарат және Коммуникациялар Министрлігінің қатысуымен «Қазмедиа орталығы» басқарушы компаниясы табылады. Сонымен қатар шараны ұйыдастырушы ретінде Аймақтық БАҚ Альянсы да атсалысты.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары