$ 448.15  483.46  4.86

«Тұлпар мініп, ту алған» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Алматының «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Тұлпар мініп, ту алған» ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының тапсырысымен жүзеге асқан жоба өз мақсатына толықтай жетті дейді ұйымдастырушылар.

Марапаттау рәсіміне арнайы келген Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев бұл жобаның маңыздылығына тоқталып өтті.

«Тәуелсіз елдің баласы тұлпар мінеді, ту алады. Жоба басталғалы бері оқушыларымыз қаншма кезеңдерден өтті. Бұл жоба қазақтың талай баласының рухын көтеріп, ұлттық сезімін арттыра түскеніне сенімдіміз. Тек қазақ халқына ғана емес, барша түркі халықтарына ортақ «Алпамыс жырын» жаттатқызу арқылы біз жастарымыздың рухын шыңдадық және болашақта Елбасымыз айтқандай бәсекеге қабілетті етуге бір қадам болса да алға жол аштық деп білемін» деді А.Қырықбай.

Ел ішінде ерекше қолдауға ие болған жобаға Алматының 1300-ден астам оқушысы қатысты. Әкімдік бекітіп берген ереже мен медиажоспар бойынша, 10-19 қыркүйек аралығында өткен аудандық кезеңде әр ауданнан 3 жеңімпаз анықталып, 8 ауданнан жалпы 24 бала қалалық қорытынды кезеңге жолдама алды. Ал ақтық сыннан сүрінбей отып, арнайы марапттар мен жүлделі орын иеленгендерді марапаттау рәсімі салтанатты түрде өтті.

Сонымен ынталандыру сыйлығына Шыңғысхан Армия, Мәншүк Арыстанбек және Санат Ғизатұлы ие болды. Ал ІІІ орын мен 500 000 теңге №152 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Бекзат Шардарбекке, ІІ орын мен 1 000 000 теңге №178 лицейдің 6-сынып оқушысы Абылай Бердашевқа, І орын мен 1 500 000 теңге №180 жалпы білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Аружан Абсатарға бұйырды.

Ал үш жүлдегердің де жетекшілері АҚШ-тың Оксфорд қаласына ағылшын тілін жетілдіруге жолдама алды. Оқушылардың жырды жаттап, ел алдына шығуына мұғалімдердің де сіңірген еңбегі мол. Қай оқушыға болмасын оңайға соқпағаны белгілі.

- Біз жетекшім Майра Мырзахметова екеуіміз бұл байқауға ұзақ дайындалдық. Бұған дейін талай оқуларға қатысып жүргеніммен, бұл жобаның маңызы мен рөлі ерекше. 150 беттен астап «Алпамыс жырын» жаттап, бүгін жүлдегер атанып отырғанымызға қуаныштымыз , - деді І орын иегері Аружан Абсатар.

Ал қазылар алқасының құрамында Өмірбек Айтбаев, Уалихан Қалижан, Қали Сәрсенбай, Тынысбек Қоңыратбаев, Темірхан Тебегенов, Серікқазы Қорабай және Мамай Ахмет сынды ғалымдар мен қаламгерлер болған. Жобаға қатысушы 1300 оқушының ішінен үш үздікті анықтау оңайға соқпағаны белгілі.

- Оқушыларымыздың бәрі белсенді, талантты болды. Шын жүйрікті тану мен таңдау оңай болған жоқ. Орындаушының оқу мәнеріне, образына, сахнада өзін-өзі ұстауына қарап, «Алпамыс жырын» таңды таңға жалғап оқуға әзір таланттарды көрдік, таныдық, таптық. Ең бастысы жоба толықтай өз міндетін орындап, мақсатына жетті деп ойлаймыз, - деді қазылар алқасының мүшесі Қали Сәрсенбаев.

«Тұлпар мініп, ту алған» ұлттық байқауының марапаттау рәсіміне арнайы келген Алашұлы тобы, Сая Махамбет, Ерлан Рысқали, Өмірқұл Айниязов сынды өнер жұлдыздары әннен шашу шашты. Ұйымдастырушылар мен қатысушылар, кеш қонақтары мұндай ұлттық жобаның жалғасын табуын тілеп тарқасты.

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары