$ 443.85  474.3  4.8

Оралда ақшадан тарыққан жедел жәрдем қызметкерлері шу шығарды

Оралда жедел жәрдем станциясының қызметкерлері жалақыларының уақытылы төленуін талап етіп отыр. Жыл басынан бері бұл мекемені Міндетті медициналық сақтандыру қоры қаржыландыратын болған деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Мәселенің бәрі осыдан басталды дейді ақ халаттылар. Айлықтарының ұдайы кешіктірілетіні былай тұрсын, қор тіпті оларды дәрі-дәрмектермен де толыққанды қамтамасыз етуді қойыпты. Соның салдарынан жаны қиналып жатқан науқасқа құр қол баратын дәрігерлер оларды жылы сөзбен ғана емдеуіміз керек пе деп ашынады.

Мына тұрған жұрт – Орал қалалық жедел жәрдем станциясының фельдшерлері, санитарлары мен жүргізушілері. Жыл басынан бері жырымдап берілетін жалақыға жарымай жүрміз,- дейді олар.

«Бүгін айдың оныншы күні. Әлі жалақы түскен жоқ. Жуырда 20 пайыз ғана аласыңдар, қалғанын оны күні береміз деп отыр. Сонда біз қалай күн көруіміз керек, жұмысқа немен жетеміз, балаларымызды мектепке қалай жібереміз? Коммуналдық төлемдерді қалай төлейміз?», - дейді Орал қалалық жедел жәрдем станциясының фельдшері Наталья Досқалиева.

Жыл басынан бері бұл мекеме Міндетті Медициналық Сақтандыру қорынан қаржыландырылатын болыпты. Мәселенің бәрі содан басталды дейді наразы топ. Қосымша үстемеақы деген мүлдем жоқ, еңбек демалысына да ақшасыз шығып келген дәрігерлер ауырсаң мүлдем қаржысыз қаласың деп зар жылайды. Ал жуырда өткен қысқартулардан кейін кезекшілікке шығатын 16 жедел жәрдем бригадасының жұмысы екі есе артқан.

Міндетті медициналық сақтандыру қоры оралдық дәрігерлердің жалақысын кешіктіргені былай тұрсын, дәрі-дәрмек және бензин беретін мекемелерге де шаш етектен қарыз. Соның салдарынан жаны қиналған науқасқа құр қол баратын дәрігерлер сырқаттарға жылы сөз айтып қана қайтатын көрінеді.

«Бұл сұрақ бізге байланысты емес, бұл сұрақ ФОМС-пен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Ақшаның бәрі осы қорда. Денсаулық сақтау басқармасының шотына түспейді. Ол министрлікке де байланысты емес, ол бізге де байланысты емес», - дейді БҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаев.

Барлығын сақтандыру қорына сілтеп отырған шенеунікті төзімдері таусылған ақ халаттылар жағадан алуға сәл қалды. Шиеленісті шешуге жеткен тәртіп сақшыларынан тайсалса керек. Ал Сақтандыру қорының басшылығымен сөйлескен атқамінерлер бүгін-ертең дәрігерлердің түйткілі шешіледі деп сендірді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары