11.10.2018, 15:22

Алматылықтар Шерхан Мұртазамен қоштасты

Қазақстан халқы Алматыдағы М. Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында белгілі қаламгер, жазушы, журналист Шерхан Мұртазаны ақтық сапарға шығарып салды деп жазады ҚазАқпарат.

Жазушымен бақұлдасуға зиялы қауым өкілдері, жазушылар, қаламгерлер, Алматы әкімі Бауыржан Байбек, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы келді.

«Бір кем дүние деп шырылдап өткен Алаштың арысы Шерағаңды ақтық сапарға шығарып салуға жиналып отырмыз. Бұл — баршамызға ортақ орны толмас қаза. Шерхан Мұртазаның еңбектері ел тағдырымен тамырлас. Сонымен қатар ол кісі ортамызда отырған көптеген азаматтардың рухани ұстазы болған», — деді ҚР Мəдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Мəдениет министрі өз сөзін Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айту жеделхатымен жалғады.

«Шерхан Мұртаза бүкіл ғұмырын төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына арнаған біртуар азамат, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған нар тұлғалы қаламгер, қарымды қоғам қайраткері болды. Ұлт руханиятында өзіндік қолтаңбасы бар заңғар жазушы соңына мол мұра, өрісті өнеге қалдырды. Шерхан Мұртаза қазақ журналистерінің бірнеше буынын тәрбиелеген ұлттық баспасөздің биік бәйтерегі еді. Қашанда әділдік пен ақиқаттың алдаспаны болғаны үшін қара сөздің зергері, шындықтың шырақшысы атанған Шерхан Мұртазаны халқы «Шерағаң» деп қадір тұтты. Сонау Теміртаудағы еңбек жолымның тікелей куәсі болған ол Тәуелсіз мемлекеттің іргесін қалаған жылдарда да жанымда жүріп, елді ілгерілету ісіне зор үлес қосты. Шерхан Мұртазаның қазақ руханиятындағы орны мен жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды деп сенемін», — деді А.Мұхамедиұлы көңіл хатты оқи келе.

Айта кету керек, Қазақстанның белгілі жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза 86 жасында 9 қазан күні шамамен 18:30-да Алматы қаласындағы үйінде ауыр науқастан қайтыс болған еді.

Шерхан Мұртаза 1932 жылы Жамбыл облысының Жуалы ауданында дүниеге келген. Ол 1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Жастық шағында «Лениншіл жас» пен «Социалистік Қазақстан» газетінің тілшісі болып қызмет еткен. 1963-1970 жылдар аралығында «Лениншіл жас» газетінің редакторы қызметінде болған. Одан кейінгі кездері «Жазушы» баспасы мен «Жалын» альманахының, «Жұлдыз» журналының Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының хатшысы қызметтерін атқарған. 1989-1992 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1992-1994 жылдары — Қазақстан Республикасы мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы қызметтерін атқарды. ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты болды.

Telegram-каналға жазылып, бәрінен хабардар болыңыз!

Тағы да оқыңыздар:
Загрузка...
SN туралы      Жарнама

      info.skifnews@gmail.com

«SN.kz» ақпараттық порталына гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.

   

Skifnews жаңалықтарын Facebook-те
оқу үшін "Нравится" белгісін басыңыз

  

 

©2016-2018 Skifnews.kz. Авторлық және жарнама құқықтар толығымен сақталады.