$ 449.3  489.69  4.89

Ашынған туристер «Қорғас» кеденшілерінің былығын жайып салды

Туристердің құқығы тапталды! «Қорғас» халықаралық сауда орталығына барған саяхатшылар кеден қызметкерлерін кінәлап отыр. Туристік компаниялармен келісім-шартқа отырып, еліміздің түкпір-түкпірінен ағылатын жұрт ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр. Себебі, кеденшілер туристік топтарға арналған өткелден ақша төлеген кез-келген адамды кіргізіп, пайда табудың жолын тапқан дейді олар.

Сапырылысқан халық. Иін терескен кезек. «Қорғас» халықаралық сауда орталығында күнде осындай қарбалас.

Кептеліс таңалакеуімнен басталады. Ал ұзын-сонар кезекте тұрғысы келмегендер мына жасыл дәлізден емін-еркін өтіп жүр. Алайда бұл өткел туристік компаниялардың атынан келген адамдарға ғана арналған.

Кедендегі келеңсіздік мыңдаған шақырымды артқа тастап, «Қорғасқа» қыдырып, керек-жарағын алуға келген туристердің ашуын туғызды.

«Егер біз туристер әрең өтсек, бұл дәліздің не қажеті бар? Не үшін ақша төлеп, туристік компаниялармен келеміз. Түсінбеймін», - турист ида Бешенова.

Тәртіп бойынша туристік топтар өтетін аймаққа саудагерлер аттап баспауы қажет. Дегенмен, құлқынның қамын ойлағандар бұл заңды пысқырмайды дейді жұрт. Бұған біздің түсірілім тобы да көз жеткізді.Есікті-ашып жауып тұрған кеден қызметкерлері сіздің қайдан келгеніңізді де сұрап бас қатырмайды. Қолына 1000 теңге ұстатсаңыз болғаны. Есесіне, бармақ басты, көз қысты әрекеттерден саяхатшылар кедергіге тап болып, кезекте сағаттап тұруға мәжбүр.

«34 адам келген. Оның бес адамы кетіп қалды. Олар мына жерде де бес сағаттап тұрамыз дейді. Осы жағдайдан кейін қайдан турист тартамыз?», - деді туристік компанияның басшысы Амагүл Жылқыбаева

Ал туристердің кіріп-шығуына жауап беретін менеджер «сасқан үйрек, артымен жүзедінің» кебін киді. Ең алдымен, ақша алғандарды танымаймын деп ат тонын ала қашса, артынан ол ережені білмейтін жаңа қызметкер болуы мүмкін деп шатасты.

«Мен бұл жағдайды байқамай қалдым. Біз жаңа қызметкерлерді жұмысқа алғанбыз. Солар ақша алған шығар. Сендерге нақты ештеңе айта алмаймын», - дейді «Қорғас» Шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» АҚ менеджері Мехрибан Хасанова.

Қытаймен арада көпір болған еркін экономикалық аймақтың басшысы бұл жағдайды кездейсоқтыққа балады. Ол кеденде туристерге барлық жағдай жасалған деп ағынан жарылды.

«Бұл мәселені реттейміз. Кінәлі қызметкерлер тиісті жазасын алады. Қажет болса, жұмыстан шығарамыз. Біз заң аясында ғана жұмыс істейміз. Туристерді тек тізіммен кіргіземіз», - «Қорғас» Шекара маңы ынтымақтастығы халықаралы орталығы» АҚ президенті Қаһарман Жазин.

Әйтсе де, кеденшілерде арнайы тізімнің болмауы көңілге күдік ұялатады. Енді туристердің Қорғастағы түйткіл шешімін таппайынша, халықаралық орталыққа кіріп-шығудың азабын тарта беретін түрі бар.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары