$ 443.85  474.3  4.8

Мәскеуде Путиннің жақыны жайлы мақала жазған газет редакциясына әлдебіреулер тірі қой әкеліп тастады

Мәскеуде тәуелсіз «Новая газета» басылымының редакциясына белгісіз адамдар 29 қазан күні ішіне бірнеше қой салынған үш тор әкеліп тастады. Бірнеше күн бұрын «Новая газета» ресейлік бизнесмен, президент Владимир Путиннің жақын серігі Евгений Пригожиннің қызметі туралы зерттеуін жариялаған еді деп жазады Азаттық.

Әрқайсысының ішінде үш қой бар үш торды басылым редакциясының алдына жүк көлігімен жеткізген. Кейбір қойдың үстіне «Пресса, «Новая газета» деген жазуы бар кеудеше кигізілген. Тордың өзіне де «Новая газета» деп жазылған. Қойды кім әкелгені әзірге белгісіз.

22 қазанда басылымда Пригожин мен оған тиесілі құрылымдардың қызметін зерттеумен айналысатын журналист Денис Коротковтың мақаласы жарияланған. Мақалада Пригожиннің қауіпсіздік мәселелері бойынша көмекшісі делінетін адамға сілтеме жасап, бизнесменнің оппоненттерді жазалауға, оның ішінде біреуін өлтіруге қатысы бары айтылады.

Владимир Путиннің қабылдауын ұйымдастыратыны үшін «аспаз» немесе «жеке ресторатор» деген атқа ие болған Евгений Пригожин АҚШ Қаржы министрлігінің Ресейдің 2016 жылғы елдегі президент сайлауына килігуі ісі бойынша енгізген санкция тізіміне іліккен. Пригожин сонымен қатар Мәскеудің Украина шығысындағы сепаратистерді қолдауында да маңызда рөл атқаратыны айтылады.

17 қазанда әлдебіреулер «Новая газетаның» редакциясына журналист Денис Коротковтың атына доқ көрсеткен жерлеу рәсімінде қоятын гүл шоғын қалдырып кеткен. Ал 18 қазан күні барлық редакция атына қоқан-лоқы көрсетіп, қойдың кесілген басы салынған себет лақтырып кеткен. Басылым редакция алдына әкеліп тастаған тірі қойларды Мәскеу түбіндегі жануарларды паналату орталығына жөнелтті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары