$ 443.85  474.3  4.8

Гүлшара Әбдіқалықова ауыл әйелдерінің І форумына қатысты

Мемлекеттік хатшы, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова «Әйелдердің ауылдық аймақтарды орнықты дамытуға қосқан үлесі» атты Қазақстанның ауыл әйелдерінің І форумына қатысты деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Жиынға Парламент депутаттары, Еуропа қайта құру және даму банкінің вице-президенті Э.Нэльсон, Еуропа Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы Астанадағы бағдарламалар кеңсесі басшысының орынбасары Д.Дигол, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, азаматтық қоғам өкілдері қатысты.

Гүлшара Әбдіқалықова құттықтау сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ауыл – алтын бесік, ауылдың амандығы – елдің амандығы» деген сөзіне тоқталды.

– Ауыл – халқымыздың бірлігі мен бірегейлігінің, тарихы мен мәдениетінің, ел дамуының қайнар көзі. Яғни, ауылды өркендету мемлекетімізді дамытудың маңызды шарттарының бірі болып саналады, – деді Мемлекеттік хатшы.

Г.Әбдіқалықова Қазақстанда 4 миллионға жуық әйелдің ауылда тұратынын атап өтті. Олар бүгінде мемлекеттік басқару органдарында кеңінен өкілеттік етуде. Аудандық мәслихат депутаттарының 512-сі әйел, 5-еуі – аудан әкімі, 348-і – ауылдық округтер мен кент әкімдері. Олар 60 мыңдай ауыл тұрғынын жұмыспен қамтитын 40 мыңнан астам шаруа қожалықтарын және фермаларды басқарады. Өткен жыл қорытындысы бойынша жалпы құны 1,2 триллион теңгенің азық-түлігі өндірілді.

Бүгінде 1,5 мың әйел Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша өз бизнесін табысты дамытуда. Бағдарлама аясында 6 210 әйел бизнесті бастаудың қыр-сырын оқып-үйренді, жалпы құны 735 миллион теңге болатын 174 несие берілді.

Сондай-ақ, форум аясында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Еуропа қайта құру және даму банкінің вице-президенті Элизабет Нэльсонмен кездесті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары