$ 446.49  475.38  4.79

Қызылордадағы автобус апаты: оқиға куәгері бар шындықты жайып салды

Қызылорда облысында екі автобустың соқтығысуынан үш адам қайтыс болды. Тас жолдағы апат кезінде екі адам бірден көз жұмса, небәрі жеті жастағы Мейіржан Төлеген ауруханада жан тапсырды. Жантүршігерлік жол апатынан қатты зардап шеккен өзге де жолаушылар әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Батыс Қытай-Батыс Еуропа тас жолында бетпе-бет келіп соқтығысқан екі автобуста жиыны сексен алты жолаушы болған екен деп хабарлайды 31 арна.

Үш адамның өмірін жалмаған жол үстіндегі жойқын апат мына автобустардың қақтығысынан болған. Бір-біріне қарама-қарсы келіп, қатты жылдамдықпен қақтығысқан қос көліктің де сау тамтығы қалмағанын көріп тұрсыздар. Ал апат халықаралық трассаның бойында, яғни дәл Ақжар ауылының тұсында болған екен.

Қатты соққыдан алдыңғы жақтары қатты қирап, майысып қалған автобустар оқиға болған жерден бірден алынып кетпепті. Қанның іздері қалып қойған жолаушылар тасымалдайтын көліктің артқы орындықтарының қисайып қалғанынан соққының қатты болғанын аңғаруға болады. Ал көз алдыңда адамдардан айрылып қалған апаттан әлі есімді жия алмай жүрмін дейді Бақыткүл Ералы. Жолаушы кеш бата Қазалыдан Қызылордаға жүретін автобусқа билет алып, көліктің алдыңғы жағына отырған. Ал Қызылордаға 140 шақырымдай жақындаған тұста жүйіткіп келе жатқан көлік алдынан тас жолдың бойына табын сиыр шыққанын өз көзіммен көрдім дейді.

БАҚЫТКҮЛ ЕРАЛЫ, жолаушы:

– Алдымыздан сиыр малы, бірнеше мал шығып қалды да, шофер сасқалақтап қалып рульді бұрыңқырап жіберді. Сол кезде қарама-қарсы Қызылордадан келе жатқан автобус екеуі соғысып қалды.

Екі автобустың соқтығысқанынан 54 жастағы ер кісі және 21 жастағы бойжеткен оқиға болған жерде қайтыс болған. Ал жансақтау бөліміне 10 адам жеткізілген. Жеткізілгендердің ішіндегі 7 жастағы Мейіржан Төлеген ауруханада көз жұмған.

ОЛЖАС ЫСҚАҚОВ, Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Зардап шеккендердің 30 тұрғын облыстық ауруханаларда ем қабылдауда. Оның ішінде Жалағаш аудандық ауруханасында 6 науқас, Қармақшы аудандық ауруханасында 15 науқас. 6 науқас облыс орталығында, 4 науқас Қазалы аудандық ауруханасында.

Бүгінде науқастардың денсаулығы бірқалыпты дейді дәрігерлер. Ал ішкі істер департаментіндегілер үш адамды ажалға апарған автобустардың жантүршігерлік апатының жай-жапсарын тергеуді бастады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары