Қылмыс жасағандарды фото, видеоға түсіріп, табыс табуға болады. Ішкі істер министрлігі жедел ақпарат жеткізгендерге ақша төлемек. Ол үшін көшеде, қоғамдық орындарда заң бұзушылық байқасаңыз, ұялы телефонға түсіріп полицияға жіберу қажет. Сондай-ақ, Қалмұханбет Қасымов министрліктегі басшыларды жаппай қысқартпақ. 450 лауазымды қызметкерді жұмыстан босатып, миллиардтаған қаржы үнемдемекші деп хабарлайды КТК арнасы.
Ішкі істер министрлігі әзірлеп жатқан мобильді қосымша іске қосылса, қарапайым адамдар қырағы қоғам сақшысына айналмақ. Өйткені Қалмұханбет Қасымов заңбұзушылықты жедел жеткізгенге ақы төлейміз деп қызықтырып отыр. Мәселен, тыйым салған жерде темекі тартқан адамды байқасаңыз фото, видеоға түсіріп, полицейлерге жібересіз. Егер күдіктінің айыпты екені дәлелденсе, 7 мың 212 теңге айыппұл салынады. Оның 3 мыңға жуық теңгесі куәгерге сыйақы ретінде беріледі.
«Айыппұлдың 50%-і мемлекетке түседі, 40%-і заңбұзушылық туралы хабар берген адамға беріледі. Ал 10% мобильді қосымшаны жасап жатқан компанияға тиесілі. Азаматтарымыздың 78%-інде ұялы телефон бар. Бұл әдісті АҚШ, Канада сынды елдердің тәжірибесінен алдық», – деді ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.
Сондай-ақ, Қасымов ішкі істер министрлігіндегі және аймақтардағы департамент, бөлімше басшыларының көбі жұмыстан босатылатынын айтты.