$ 443.85  474.3  4.8

«Еңбек – бәрін жеңбек»: Қанат Ислам жастарға ақыл айтты

Қазақстандық боксшы Қанат Ислам жастарды уақытты зая кетірмей, тәуекелге барып, білек сыбана іске кірісуге шақырды деп жазады  Sputniknews.kz.

Бірінші орта салмақта сынға түсетін кәсіпқой боксшы Қанат Ислам қазіргі жастарға ағалық ақылын айтты. 

«Біздің елде телефонда отырып алып, біреуге баға беретін жастар көп. Біреуге баға беретіндей сен кімсің? Баға беруге уақытың да болмауы керек. Қазір жастардың 20, 30, 40 жасқа дейін тәуекелге барып, қателік жасайтын уақыты ғой. Жиырма жасыңда қателік жасап, тәуекелге бармасаң, отыз жасыңда басыңды тасқа ұрып көрмесең, сен қай кезде тәуекелге барып, білек сыбана іске кірісесің?!», – дейді спортшы ОКҚ-де өткен брифингтен кейін.

Ислам қазіргі таңда елімізге рухы биік жігерлі адамдар керек екенін атап өтті. 

«Жастар «ұят болады, жаман болады, анау күлетін шығар» деген нәрселерді ұмытуы керек. Себебі тәуелсіз еліміз бен жеріміз бізге қарап тұр, осы байлыққа ие болуымыз керек», – деді ол. 

Боксшының айтуынша, сылтауы таусылмайтын адамдар өмірде ешқандай жеңіске жетпейді. 

«Еңбек – бәрін жеңбек. Сол үшін біздің жастарды жігерлендіріп, намысын қайрау керек. Қателесуден қорықпау керек, жеңілу керек, қайта аяққа тұрып, жеңу керек», – деп ақыл айтты Ислам.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары