$ 445.66  474.58  4.78

АҚШ президенті Түркияға ескерту жасады

АҚШ президенті Дональд Трамп Сириядан америкалық әскердің біртіндеп шығарылып жатқанын, дегенмен «Ислам мемлекеті» (ИМ) террорлық ұйымының қалған содырлары мен шептеріне соққы жасау тоқтамайтынын мәлімдеді деп жазады Азаттық.

Трамп Түркияға АҚШ-тың жиһадшыларға қарсы күресінде одақтасы әрі Сирияның солтүстік-шығысына бақылау жасайтын күрд жасақтарына шабуыл жасамауын ескертті. Түркия күрд жасақтарын «террорлық ұйым» деп санайды.

«Сириядан әскерімізді шығара бастадық. Соған қарамастан, ИМ «халифатының» қалған бөлімдеріне соққы беруді тоқтатпаймыз. Егер олар топтасып жатса, шабуылды жалғастыра береміз» деді Трамп Twitter-дегі парақшасында.

Трамп бұдан соң Түркияға да ескерту жасады. «Егер күрдтерге шабуыл жасаса, біз Түркияны экономикалық тұрғыда жоямыз» деді Трамп. Дегенмен, ол күрдтерді Түркияны арандатпауға шақырды. Трамп Түркия, Ресейді, Иран және Сирияны АҚШ-тың ИМ-ге қатысты ұзақ мерзімдік саясатынан «негізгі пайда көрушілер» деп атады.

​Түркия президенті Режеп Ердоған бұған дейін Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі Джон Болтонды оның «Түркия АҚШ-тың одақтасы күрд жасақтарына тиіспеуге уәде берді» деп көпшілік алдында жариялағаны үшін сөккен.

12 қаңтарда Reuters агенттігі Түркияның Сириямен шекаралас Хатай провинциясына танктер мен брондалған әскери көліктер жеткізілгенін хабарлаған. Түркия қауіпсіздік қызметі бұл ақпаратқа түсінік бермеді және «Түркия Сирия аумағында әскери операция жасауға дайындалып жатыр» деген мәліметті теріске де шығармады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары