$ 445.66  474.58  4.78

Денис Тен өлімі: Нұралы Қиясов жанұясының кенеттен байып кетті дегенге жауап берді

Денис Теннің өліміне қатысты өтіп жатқан кезекті сот отырысында күдікті Нұралы Қиясов өзінің соңғы сөзін айтты. Ол жанұясының кенеттен байып кетпегенін түсіндіріп, ата-анасына сөз тигізбеуді сұрады деп хабарлайды NUR.KZ.

Күдікті әкесінің осы уақытқа дейін жинап-терген өз дүниесі бар екенін жеткізді.

«Сіздің жүрегіңізге өшпейтін дақ салдық. Оны түсінемін, себебі, менің де анам бар, әкем бар. Ұлыңыздың қайтыс болуына себепкер болдық, қайғыңызға ортақпыз. Бірақ, біздің де ата-анамыз бізді көріп, қиналып жүр. Қазір жағдайын жасап, ақша үшін істеді деп жатыр. Бірақ, ондай ештеңе болмады.

Менің атам мен әкемнің өздері жинаған малдары, өз дүниелері бар. Әкем мен анам ешқашан менің тапқан ақшама қараған емес. Олардың бәрі- әкемнің осы жасқа дейін жинап-терген дүниелері», – деді Қиясов.

Сондай-ақ, сотталушы өз кінәсін мойындайтынын, алайда әке-шешесіне тіл тигізбеу қажеттігін айтты.

«Сот әділ шешім қабылдайды деп сенемін. Барлығынан кешірім сұраймын. Бірақ, мен әке-шешеме сөз тигізбеуін қалаймын. Сот басталғалы ата-анамыз бен бауырларымыз жайлы айтылып жатыр. Олар бізді жаман жолға итермеген. Сол үшін мен өз қателігімді өзім түзегім келеді. Сондықтан, мені кешірулеріңізді өтінемін», – деді Нұралы Қиясов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары