$ 448.89  477.93  4.76

Астанада 87 адам автобус жүргізушілерінің «қара тізіміне» ілікті

Астана LRT компаниясының мәлімдеуінше, күн сайын елордада автобус жүргізушілеріне қатысты жолаушылар тарапынан жиырмаға жуық шағым келіп түседі деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.  

Шағымдар негізінен жол ережесін бұзу, жүргізушінің дөрекілік көрсетуі, ақпаратты дұрыс бермеуі, өз міндетіне салғырт қатысты болады. 

«Астана LRT» ЖШС Көлік мамандарының біліктілігін арттыру орталығының директоры Жеңіс Жалбыр жолаушылар тарапынан ескерту алған жүргізушілер үшін арнайы курстардың өткізілетінін айтады. 

«Біздің орталықта бұзушылықтарға жол берген жүргізушілер үшін арнайы курстар ұйымдастырылады. 2018 жылы «Астана LRT» ЖШС көлік мамандарының біліктілігін арттыру орталығында 100-ден астам автобус жүргізушісі оқу курсын қайта оқыды. Жүргізуші жол қозғалысы ережелерін бұзса немесе оның атына шағым түссе, олардың қаншалықты дәйекті екендігі Көлікті бақылау департаменті мен қозғалыс қауіпсіздігі жөніндегі комиссия жүргізетін тергеу барысында анықталады. Ережелерді бұзу оқиғасы дәйекті болса, компания парктің басшылығына жүргізушіні қайта оқытудан өткізу туралы ұсынымын жолдайды. Бұдан бөлек, оның психологиялық-физиологиялық портреті қайта құрастырылады. Күйгелектік танытып, даулы мәселені ушықтыратын адамның қоғамдық көлікті басқаруына жол бермейміз», - деп түсіндірді Жеңіс Жалбыр. 

Өткен жылы елордадағы қоғамдық көлік жүргізушілерінің «қара тізіміне» 87 адам енген. Олар қаладағы автобус тізгініне отырмайды. 

«Қара тізім» бірқатар бұзушылықтың негізінде құрылады. Мәселен, қайғылы жағдайға әкеп соқтырған ЖКО жүргізуші сөзсіз «қара тізімге» енгізіледі. «Жүргізуші қайта дайындықтан өтсе де, оның атына жолаушылар тарапынан шағым бірнеше мәрте түссе, біз оны жұмыстан босату туралы шешім қабылдаймыз», - деді «Астана LRT» ЖШС көлік мамандарының біліктілігін арттыру орталығының директоры. 

Алайда, Жеңіс Жалбырдың айтуына қарағанда, жолаушылар тарапынан түсетін шағымдардың басым бөлігі негізсіз болып жатады. 

«Қоғамдық көлік жүргізушілерінің шамамен 5-10 пайызы ЖКО-ның орын алуына жол береді немесе жолаушылардан үнемі ескерту алып жатады. Қайта оқыту сабақтарында әр жүргізушіге өзі жасаған бұзушылықтарға қатысты нақты ұсыныстар беріледі. Әлеуметтік желілер, «109» қызметі арқылы түсетін шағымдардың жартысы дәйектілігін таппай қалады. Біздің бағдарламалық құралдарымыз барлық жүргізушілердің жұмысын мониторингтен өткізіп, оның аялдамаға тоқтап-тоқтамағанын, жолаушыларды шығарып-шығармағанын, есікті ашып-ашпағанын тексеруге, жолаушылар шағымы туралы ақпарат таратын датчиктер, ішкі және сыртқы камералар автобустағы жағдайды бақылауға мүмкіндік береді», - деді ол. 

Айта кетейік, Астанадағы автобус жүргізушілері қоғамдық көлікті басқару құқығын беретін оқу бағдарламасын оқып-игереді. 

«Астананың бағдарлық қоғамдық көлік құралының жүргізушісі» техникалық минимумы 40 сағаттық бес күндік курстан тұрады. Оқу кезінде жүргізушілер «ақылды қаладағы» жол қозғалысы ережелерінің ерекшеліктерімен, жолақысын төлеудің электронды жүйесін қолдану ережелерімен, қаланың барлық бағдарлық желісімен, олардың қозғалыс сызбасымен таныстырып, жүргізушілердің өзін-өзі ұстау, мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға қызмет көрсету, алғашқы көмек көрсету ережелері түсіндіріледі.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары