$ 448.56  478.03  4.79

Бекболат Тілеухан: «Өзімді бұрыннан Нұрсұлтан қаласының тұрғыны сезініп жүргенмін»

Қазақстан астанасының атауын «Нұрсұлтан» қаласы деп өзгертуді депутаттар тарихи қадам ретінде бағалады деп жазады Азаттық.

Наурыздың 20-сында Астанада жаңа президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ант қабылдау рәсімінен кейін журналистермен тілдескен депутаттар осындай пікір білдірді. Ант беру рәсімінде Тоқаев ел астанасың атауын «Нұрсұлтан» қаласы деп атауды ұсынған еді. Тоқаев тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне ел астанасында ескерткіш орнатып, барлық облыс орталықтарындағы басты көшелерге Назарбаевтың атын беру жайлы да айтқан.

Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарағұсова астана атауын өзгертуді «тарихи қадам» деп атаса, тағы бір депутат Бекболат Тілеухан бұл ұсынысты «тарихи, әділ шешім» қабылдауға себеп болады деп санайды.

- Мен өзімді қашаннан бері Нұрсұлтан қаласының тұрғынымын деп сезініп жүргенмін,- деген Бекболат Тілеухан жаңа президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Нұрсұлтан салған нұрлы жолдан таймай қазіргі саяси курсты жалғастырады» деп есептейді. Депутаттың айтуынша, Тоқаев - тұлғасы айқындалған саясаткер.

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Астанаға «Нұрсұлтан» атын беру «Қазақстанды тығырықтан шығарып, әлемдік деңгейге көтеріп, әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартқан» тұңғыш президентке құрмет дейді.

Ал биліктегі «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев болса, астананың жаңа атауымен жергілікті тұрғындарды және Қазақстан халқын құттықтайтынын айтты. «Еуразиядағы инфроқұрылым, инновация жағынан ең дамыған, халықтың өмір сүруіне жағдай жасалған қалалардың бірі Астана атауының «Нұрсұлтан» атына ауысуы заңды, орынды» дейді ол.

Мемлекет астанасының атауын тұңғыш президент атына ауыстыру жөнінде мұның алдында да бірнеше рет ұсыныс айтылған. Ұсыныс айтқандардың арасында депутаттар да болған. 2016 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған декларацияны талқылау кезінде парламент мүшелері президент Назарбаевтың есімін мемлекет астанасына беру жайлы ұсыныс айтқан. 2017 жылы депутаттар бұл мәселені тағы да қозғаған. Назарбаев мұндай бастама өзіне «жылы естілгенін» мәлімдегенімен, Астана атауын өзгертуге қарсы екенін білдірген. Ал былтыр тұңғыш әйел-ғарышкер, Ресей Мемлекеттік думасының депутаты Валентина Терешкова Қазақстан астанасының атауын өзгерту туралы бастама көтергенде Назарбаев тарапынан айтарлықтай реакция болмаған.

Қазақстанда Назарбаевтың есімі Астана халықаралық әуежайына, Алматыдағы орталық көшеге, университет, кітапханаларға берілген. Елде Назарбаев зияткерлік мектептері желісі бар. Бірнеше қалада тұңғыш президентке ескерткіш қойылған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары