$ 448.89  477.93  4.76

Қарағандыдағы достығы жарасқан литвалықтар жайлы не білеміз?

Тарихы сонау 1932 жылдан бастау алатын киелі Қарағанды жері сол кездегі Петропавл қаласынан бөлініп шығып, өз алдына дербес 14 ауданы бар облыс болып құрылғанына биыл 97 жыл толады екен деп хабарлайды Қазақстан Халқы Ассамблеясы.

Аймақтың көрнекті өкілі Абдолла Асылбеков облыстық кеңес атқару комитетінің тұңғыш төрағасы қызметінде басшылық еткен облыс бүгіндері экономикалық-әлеуметтік дамуы алдыңғы шенде келе жатқан аймақтардың бірі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кезінде еңбек жолын бастап, отбасын құрған, тарихы өте бай өлкелердің бірі.

1938 жылы құрылған екі жылдық мұғалімдер институты араға 90 жыл салып еліміздің бетке ұстар жоғары оқу орындарының бірі - Е. Бөкетов атындағы мемлекеттік университетке айналып шыға келді.

Сол кезде бірнеше ғана мың тұрғыны бар Қарағанды аз уақыт ішінде өсіп, көркейіп, халық саны 162 мыңға бірақ жетті. Қазіргі таңда Қарағанды облысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, халық саны жақын арада 1 млн-ға жететін еліміздің ірі қалаларының біріне айналуы тиіс. Қазір облыс орталығында 500 мың тұрғын бар.

Алыстағы 1944 жылы Қарағандының түбінде жатқан Теміртауда Қазақ металлургиялық қайта өңдеу зауытының негізі қаланып, мартен пеші қатарға қосылып, отандық тұңғыш болат қорытылды. Араға үш жыл салып 12 млн тонна көмір өндіріліп, Қарағанды аймағы Одақтағы үшінші отын ошағы ретінде әйгілі болып шыға келді.

Бертін келе, 1950 жылы облыстағы екінші жоғары оқу орны, алғашқы медициналық жоғары оқу орны студкнттерге өз есігін айқара ашты. Ал 1953 жылы облыстағы үшінші жоғары оқу орны Қарағанды тау-кен институты (қазіргі мемлекеттік техникалық университет) тұңғыш рет студенттер қабылдап, техникалық, инженерлік мамандарға тапшылықты жоюға көшті.

Атақты ғарышкерлер мен көмір кен орындарын байытумен айналысқан қарағандылықтардың құтты мекені болып саналатын Қарағандыда облыс атын елге ғана емес, бүкіл әлемге танытқан әйгілі жерлестер жетерлік. Олардың қатарында Тәттімбет Қазанғапұлы, Ғабиден Мұстафин, Евней Букетов, Нуркен Абдиров, Қасым Аманжолов, Владимир Шаталов,Тоқтар Әубәкіров, Геннадий Головкин, Серік Сапиев сынды Қарағанды жерінің көрнекті өкілдерін атап өтсек, жеткілікті болар.

Айтпақшы, Шешенстан Республикасының тұңғыш Президенті Ахмат Қадыров та Қарағанды облысының тумасы болып шықты. Сөйтсе, сонау 1944 жылы оның отбасы мыңдаған ингуштар мен шешендер секілді Қазақ жеріне жер аударылған екен. Алайда, 1957 жылы Қадыровтар отбасы өз отандарына аман-есен оралады.

Алайда Сарыарқа жері Шешенстанның тұңғыш Президентін ұмытпапты. Оған арнап Ахмат Абдулхамитұлының «Халықты сүю - Алладан қорқу» деген сөздері жазылған арнайы монумент орнатыпты. Ал 2014 жылы Қарағандының жаңа мөлтекауданындағы көшелердің біріне Ахматтың құрметіне көше аталған екен. «Вайнах» жергілікті шешен-ингуш этномәдени бірлестігі кезінде терроритстік шабуыл кезінде құрбан болған саясаткердің есімін келер ұрпақ үшін тарихта қалдыру үшін арнайы ұсыныспен шыққан екен.

Орталық Қазақстанның этникалық құрылымының қалыптасуы мен даму тарихының өзі де сан қилы әрі ұзақ уақытқа созылады. Өлкені қоныстандыру әртүрлі уақытта және түрлі жағдайларда жүргізілгені тарихтан белгілі.

Облыс ХХ ғасырдың 30-40 жылдары Сталин қуғын-сүргініне ұшыраған халықтың орналасқан мекеніне айналды. Бұл жерде атақты КАРЛАГ орналасты. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Германия, Жапония, Италия және Румыния әскери тұтқындарының концлагеріне айналып, 5152 әскери тұтқын жерленген деген ақпарат бар. Бүгінгі таңда ол жерде Сталиндік қуғын-сүргін құрбандарына арналып Мемориалдық ескерткіш орнатылған.

Жалпы Қарағанды облысын бүгінгі таңда қазақтардан басқа көптеген ұлт өкілдері мекендейді. Олардың қатарында ең көп шоғырланғандары - орыстар, украиндар, беларустар, немістер. Ал сайып келгенде, Қарағанды өңірі 100-ден астам этнос өкілдері қоныс тепкен құтты мекен деуге әбден болады. Солардың барлығына  ұйытқы болып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып отырған достықтың киелі шаңырағы - Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылдың наурыз айында құрылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатына сәйкес, ұлттардың бірлігін асырып, этностардың салт-дәстүрлерін, мәдениеті пен бай тарихын, жас ұрпақтың ана тілін сақтап қалуға, үйренуіне жәрдемдесу, жағдай жасау үшін жер-жерлерде құрылып, қызмет жасап отырған этномәдени ұйымдарға жан-жақты қолдау көрсету үшін құрылған ҚХА еңбегі өз алдына бір төбе.

ҚХА дамыту тұжырымдамасы (2025 жылға дейін) негізінде облыстық ҚХА мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыруға, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, мемлекеттік және қоғамның азаматтық институттарының этносаралық қатынастарының өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға негізделген жұмыстарды тиянақты іс жүзіне асырып келеді.

Оның қызметі Елбасының 2018 жылғы сәуірдегі ҚХА ХХVI сессиясында белгілеген негізгі міндеттерге негізделген: «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп «Рухани жаңғыру» бағдарламасын және жаңа әлеуметтік бастамаларды ілгерілету бойынша ғылыми-ағартушылық жобаны іске асыру бойынша жұмыстарды іс жүзіне асыруға, қайырымдылық жұмыстарын, сондай-ақ ҚХА «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының жұмысын ілгерілетуге, жастарды бай тарихымызды құрметтеуге тәрбиелеуге бағытталған.

Облыс әкімі қасынан құрылған консультативтік-кеңесші органның құрамына 105 адам кіреді. Олар этномәдени бірлестіктердің, аймақтың зиялы қауымының, ардагерлер кеңесінің, мемлекеттік құрылымдардың өкілдері болып табылады.

Қарағанды облысы ҚХА төрағасы болып аймақ басшысы саналады. Қазіргі таңда ол қызметті Ерлан Қошанов атқаруда. Төраға орынбасарлары — «Понтос» Грек мәдени орталығы» ҚБ төрағасы Деспина Касапиди мен облыстық мәслихат депутаты, білім беру меценаты Бекзат Алтынбеков.

Республикалық Ассамблея құрамына 21 қарағандылық кіреді. Олар облыстық этномәдени бірлестіктердің төрағалары, ұлттардың қалаулы топ және дін өкілдерінен жасақталған.

Облыстық Ассамблеяның хатшылығы сессияларды, облыстық ҚХА Кеңесінің, ғылыми-сараптамалық топтың, қоғамдық келісім мен аналар кеңестерінің отырыстарын, семинарларды, ғылыми-практикалық конференцияларды, дөңгелек үстелдер ұйымдастырып өткізумен айналысады.

Онда этносаралық келісімді нығайтуға, аймақта тұратын этностардың мәдениетін, тілдерін сақтауға және дамытуға бағытталған бір топ мәселелер талқыланып, қарастырылады, тиісті шешімдер қабылданады.

Қарағанды қаласында 2015 жылы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, ол аймақтағы ҚХА жұмыс органы болып бекітілді. Қазіргі таңда облыста 3 Достық үйі жұмыс істейді. Оның ішінде біреуі Қарағандыда, екеуі аудандрда - Жезқазған мен Сәтбаевта.

Бір айта кетерлігі, облыстық ҚХА жанындағы журналистер мен сарапшылар клубы белсенді жұмыс атқаруда. Ол үшін арнайы «Достық аймағы» альманах-журналы да шығарылып тұрады.

Сонымен бірге «Қоғамдық келісім» мен Аналар кеңесі, қайырымдылық пен меценаттар клубы, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының облыстық штабы, Қарағанды облысының ҚХА Жастардың үйлестіру кеңесі құрылып, аймақта қарқынды қызмет атқаруда.

Аймақта тіркелген 53 этномәдени бірлестік 23-і облыстық, 30-ы қалалық және аудандық болып бөлініп, өз қызметтерін жүзеге асыруда. Қалалар мен аудандарда облыстық қоғамдық бірлестіктердің 4 филиалы және 22 бастамашыл тобы қызмет жасайды.

Солардың арасында ең белсенділерінің бірі - «Lituanica» қоғамдық бірлестігі десек, қателеспеген болармыз. Аталмыш ұйымға Мемлекет басшысының өкімімен 2018 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары болып тағайындалған Виталий Тварионас жетекшілік етеді. Ол  Қазақстан және Литва Республикасы Президенттерінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Сұхбатқа тартқан басты кейіпкеріміз – Виталий Тварионос мырза Қазақстанның азаматы, осы жердің тумасы. Сонау зобалаң жылдары оның арғы аталары тағдырдың тәлкегімен, сол кездегі саясаттың қыспағымен Қазақ жеріне жер аударылған. Арғы ұрпағы Қарағанды жеріне қоныстанып, ошақ құрып, біржолата осы жерді мекендеп, екінші отаны ретінде ыстық ықыласымен қабылдаған. Құшағын жайған қазақтарға ризашылықатырынан басқа еш айтарлары жоқ.

Өскелең ұрпақ бейбіт туы желбіреген көк аспанның астында Қазақстан азаматы ретінде ғұмырлы өмір кешіп жатқандарын қайда жүрсе де зор мақтаныш сезіммен айтатындықтарын алға тартады.

«1947 жылы литвалықтардың басым көпшілігі дәл осы Қарағанды облысына жер аударылған. Олардың арасында менің де арғы аталарым бар еді. Қазіргі таңда мұнда 2500 мыңнан астам литвалықтар өмір сүреді.

Біз сонау 2003 жылы, шама-шарқымыз келгенше, «Литуаника» деген атпен ұйым құрдық. Ең алғашқы қадамымыз сәтті болды. Ал бертін келе Қарағанды қаласында «Достық» үйі ашылғалы тынысымыз кеңейіп, рухани жаңғыруға алған қадамымыз бен мүмкіндіктеріміз арта түсті. Осыған дейін тек қана «Литовский двор» деген қонақ қарсы алатын өзіміздің ұлттық нақыштағы шағын ауылымыз ғана болса, енді міне облыста орналасқан 22 ірі этностың басын біріктірген үлкен достық шаңырағы – зәулім ғимарат пайда болды», - дейді В. Творионос. 

Әсем Жұмабекова 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары