$ 448.56  478.03  4.79

Қарағанды облыстық Ассамблеясы Достық үйінде «Wiedergeburt» неміс орталығының 30 жылдық мерейтойын тойлады

Қарағанды Достық үйінде «Wiedergeburt» неміс орталығының 30 жылдық мерейтойы тойланды. Қонақжай қазақ жеріне 1939-1941 жылдардағы сұрапыл кезеңде келіп,осы елден пана тапқан неміс ұлты өткенін ешқашан ұмытпақ емес. «Қайта жандану» деген мағынаны білдіретін атауы бар орталық сонау 1989 жылы құрылып, қазақ жеріндегі алғашқы этномәдени бірлестіктердің бірі болды. Бүгін 30 жылдық мерейтойын тойлаған неміс орталығының сол кездегі мақсаты ата салттарын ұмытпау, келер ұрпақтарына ұмыт қалған дәстүрлерін үйретіп, тілін жандандыру еді. Орталықтың өткізген іс шарасына қарап ақ ол мақсаттардың толығымен орындалғанын көруге болады.

Елімізде тұратын 180 мың неміс ұлтының өкілдеріне барлық жағдай жасалған. «Wiedergeburt» мәдени орталығы тек неміс ұлтының өкілдеріне ғана арналмаған. Ол жерден қазақ, орыс, украин, поляк т.б ұлт өкілдерін жиі кездестіруге болады. Орталықта тіл оқыту курсы, балаларға арналған түрлі үйірмелер, театр шеберлігі сабақтары өткізіліп тұрады. 30 жылғы еңбектің нәтижесі болар, қазір орталықтың абыройы асқақ, беделі жоғары, тәжірибесі мол. Орталық жастарының да аталар аманатына, тілі мен салт-дәстүріне деген құрметі шексіз. Мерейтойдың алғашқы сөз кезегі орталық төрағасы Кист Виктор Эдуардовичке берілді. Өз сөзінде Виктор мырза келген қонақтарды мерейтоймен құттықтап, көрікті қаламызда көптеген ұлт өкілдерінің бірлік пен ынтымақта ғұмыр кешіп келе жатқанын тілге тиек етті.

Қаламыздағы барлық этномәдени бірлестіктердің басын қосу мақсатымен үш жыл бұрын Достық үйі ашылған еді. Бүгінгі күні мұнда 22 этно бірлестік орталықтары белсенді жұмыс атқаруда. Сондай бірлестіктердің бір саналатын - «Wiedergeburt » орталығының құрылуы мен дамуының ерекше тарихы бар.

Бүгінгі өткізілген мереке жанға жылу сыйлайтын ерекше шара болды. Достық үйі холлына бірлестік мүшелерінің қолдан жасаған түрлі бұйымдары,картиналары мен қолөнер туындылары көрмеге қойылды.

Орталық құрылған жылдардан бері бірлестік белсенділері қалалық және республикалық байқаулардың тұрақты қатысушылары. Бірлестік ішінде ұлттық мерекелер тойланып, түрлі кездесулер мен әдеби кештер өткізіліп тұрады. Атап өтейік, аталмыш орталықтың құрылуына себепкер болған Виктория Кист ханым Германиядан арнайы келіп, кеншілер астанасында қонақ болды. Ол аталмыш орталықтың құрылуына себепкер болған. «Мереке құтты болсын. Бүгінгі кездесуге өте қуаныштымын. Мен неміс орталығының жанындағы театрда рольдер ойнағанмын. Қазір де өзім тұратын Кобленц қаласындағы жергілікті театрда жұмыс жасаймын. Қазақстандағы татулық, келісім мен бейбітшілік әрі қарай сақталуына тілектеспін» ,-дейді Виктория Викторовна. Мерейтойға жиналғандар неміс ұлтының түрлі әндері мен көңілді билерін тамашалады. Көрерменнің ерекше назарын аудартқан

балабақша тәрбиеленушілерінің қойған шағын спектаклі болды. Спектакльде Сарыарқа даласынан алғаш болып көмірді тапқан қарапайым қойшы бала Аппақ Байжанов жайлы айтылып, қаламыздың қонақжайлығы көрсетілді. Келген қонақтар шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, мәз-мейрам болып тарқасты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары