$ 446.49  475.38  4.79

Алматыда жапондар обырды ерте анықтайтын диагностикалық орталық ашпақ ниетте

Былтырдан бастап елімізде «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге аса бастады. 2016-2019 жылдарға арналған 4 жылдық жобаның басты мақсаты қазақстандықтардың өмір жасын ұзарту, қатерлі індеттердің таралуын төмендетіп, елде салауатты өмір салтын қалыптастыру болып табылады.

Осы ретте айта кету керек, Қазақстанда адамдардың қант диабеті мен обырдан көз жұму деректері артып кеткен. Яғни, бұл аурулар бүкіл әлемдегі секілді қазақстандық дәрігерлердің де басты күресу нысанына айналып отыр. Рак ауруының алдын алу мақсатында жыл сайын түрлі іс-шаралар да өткізілуде. Сондай-ақ, обырмен күресудің заманауи әдістері де қолға алына бастады.

Мәселен, күні кеше Алматыға Жапониядан ірі медициналық компанияның өкілдері келіп, қалада обырды ерте анықтайтын диагностикалық орталық салғысы келетіндерін айтты. Алматы әкімі Бауыржан Байбекпен кездескен «Medical Excellence Japan» ұйымының вице-президенті Кеничи Комацу әлемде теңдесі жоқ медициналық орталық қазақстандықтар арасында ракпен ауыратындардың санын күрт төмендететініне сенімді.

К.Комацудың айтуынша, «Medical Excellence Japan» ұйымының басты миссиясы – жапондық медицина жетістіктерін экспортау екен. Ал, Алматы Ортаазиялық өңірдегі бастамасы ретінде таңдалған.

«Біз Алматыда тек клиника ғана емес, обырды ерте анықтайтын диагностикалық орталық ашуды қалаймыз, сонда ғана оны емдеудің тиімділігі артады және құны төмендейді. Орталық ең озық технологиялармен жабдықталады. Қаржы инвестициясымен қоса технология трансферті де болады, біз үшін жергілікті мамандардың біліктілігін арттыру маңызды әрі олар Жапонияда тәжірибеден өтеді», -деді «Medical Excellence Japan» вице- президенті.

Мегаполис әкімі өз кезегінде күншығыс елі Қазақстанның басты серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Былтырғы жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев телекөпір барысында болат өнімдерін шығаратын «Tokyo Rope Almaty» зауытын ашқан еді. Индустриалды аймақта трансұлттық компанияның инженерлік жүйені қорғайтын өнімдер шығаратын екінші жоғарытехнологиялы зауытының құрылысы салынуда.

«Алматыда жапондық іскерлік клубының ашылуы аясында біз жобаға жан- жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Жапония жоғары технологиялы экономикасымен белгілі және оның кез-келген саласының өнімі өте сапалы. Алматыда өте маңызды клиника ашу жалпы медициналық қызмет сапасын арттырудың басты кепілі болумен қатар оңтүстік астанада медициналық туризмді дамытуға да ықпал етер еді», - деді Бауыржан Байбек.

Кездесу қорытындысы бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды және аталған жобаны жүзеге асырудың нақтылы жоспарын жасауға келісті.

Айта кетерлігі, Алматы мен Жапония арасындағы ынтымақтастық динамикалық тұрғыда нығая түсуде, билғы жылдың бірінші жартыжылдығында тауар айналымы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 84,9%-ға өсті, қалада 14 біріккен және 21 жапондық кәсіпорын тіркелген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары