$ 448.15  483.46  4.86

Теміртауда аяздан жаңадан салынған үйдің цементі мүжілуде

Арқаның ызғарлы аязына адамдар тұрмақ, тұрғын үйлердің өзі шыдас беретін емес. Бірнеше күннен бері көтерілмей тұрған шыңылтыр аязда көптеген үйлер сыр бере бастады. Қыстың көзі қырауда тұрғанда, тұрғандар бар болғаны 8 градустық пәтерлерде жан сақтап отыр. Тіпті, жап-жаңа үйлердің цементтен жасалған сатыларының өзі мүжіліп кеткен. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Сыртынан әп-әдемі көрінгенімен, іші көгеріп, әбден ылғал тартып кеткен тұрғын үй  Теміртауда орналасқан. Салынғанына нәбәрі 4 жыл ғана болыпты. Тұрғындар бастапқыда үй жылы болған деседі. Бірақ, былтырдан бері сыр бере бастапты.

«Ылғал, бәрі көгеріп жатыр. Асхана жақ тіпті жаман. Қазір түстен кейін мынаның бәрі еріп, су болып жерге ағады» - дейді тұрғын Берікбай Сұлтаншәріп.

Мемлекеттік бағдарлама аясында салынған көппәтерлі үйде жүзден астам отбасы тұрады. Көпшілігі қарт кісілер. Жаздағы ыстықтың өзінде аяғы қақсап, балтыры сыздайтын жандарға суық қатты батуда. 

«Былтыр салқын еді, биыл тіпті суып кетті. Не жағдайда суып кеткендігін тіптен білмейміз. Есігімізді жауып қойып отырмыз енді. Қосымша жылуды сатып алудың өзі бізге оңай емес» - дейді тұрғын Әмбиаш Махметқызы.

«Ақшаны төлейміз. Кімге барарымызды да білмейміз. Үйдегілер ол аузымызды бағады да отырады. Ұят болады деп» - дейді тұрғын Роза Жабағинова.

Мұнда қай пәтерге кірсең де, бөлме темпаратурасы 8 градустан аспайды. Қосымша жылытқыштарды қосқанның өзінде ары кеткенде 12 градус. Ал далада шыңылтыр аяз. Сондықтан, тұрғындар кірберіс есіктерінің өзіне көрпе жауып, ықтауда. Терезелеріне мұз қатып, жақтаулары тіптен көгеріп кеткен. Қабырғалары шылқып тұр. Көгерген иіс тіпті қолқаңды қабады.  

«Мына бөлмедегі темпаратура 10 градус қана. Асүйде тіпті минус сегіз градус суық. Осылай қалың киініп алып ұйықтаймын. КСК-ға екі рет хабарластым, ешкім келіп жағдайымды сұрамады» - дейді тыл ардагері Нина Захарова.

Ылғалдың көптігі соншалық, цементтен жасалған сатылардың өзі мүжіліп, үгітіліп кеткен. Жергілікті билік өткен жылы мердігер компанияны сотқа бергенімен, оң нәтижесі болмапты. Бірақ, жуырда қайта шағым түсіреміз деп бекініп отыр.  

«Тұрғын үй 2014 жылы пайдалануға берілген. Басым бөлігі әлеуметтік мақсатта берілді. 40 пәтер кезекте тұрған жетім балаларға, 27-сі мемлекеттік қызметкерлерге, қалғандары апатты үйден көшіп келгендердің еншісінде. Ал жалпы біз бұл мәселеден хабардармыз. Тиісті жұмыстар жасалып жатыр. Жақында үйді тұрғызған компанияны сотқа беруді жоспарлап отырмыз» - Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Владислав Цай.

Құрылыс компаниясының тұрғын үйге кепілдік беру мерзімі аяқталып кеткен. Сондықтан, көппәтерлі үй енді мемлекеттік сараптамадан өткізілмек. Соның қорытындысы негізінде, мердігер компанияны қайта сотқа береді. Әкімдіктегілер мәселе сонда ғана оң шешімін табар деген үмітте.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары