$ 445.66  474.58  4.78

ШҚО шенеуніктері үйлері суға кеткен тұрғындарға босқа байбалам салмаңдар дейді

Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданында 200-ге жуық үйді су басқан. Құтқарушылар жүздеген тұрғынды қауіпсіз жерге көшіріпті. Көпшілігінің баспанасы құлап, енді тұруға мүлдем жарамсыз болып қалған. Алаңдаған тұрғындарға жергілікті әкімдік басу айтып әлек. Оларға сенсек, байбалам салудың жөні жоқ екен. Яғни тұрғындардың үйін жөндеп немесе тіпті мемлекет есебінен пәтер сатып әпермек деп мәлімдеді КТК телеарнасы.

Белоусовка ауылының тұрғындары біртіндеп су басқан үйлеріне қайта оралып, келген шығынды өз беттерінше есептеуге кірісіп кеткен. Басқа барар жері жоқ тұрғындар жарамсыз болып қалған үйлерін қимай, жағалап жүр. Ал айтарлықтай зардап шекпеген үйлер тез арада жөндеуді қажет етеді.

Көршілес орналасқан Прогресс ауылындағы кішігірім өзен де елді мекеннің көп бөлігін басып қалған. Мұнда судың беті қазір де қайтпай тұр. Тұрғындар үйлеріндегі азық-түлік пен құжаттарын аман алып қалудың қамымен жүр. Ашулы тұрғындар, бөгеттегі суды дер кезінде жібергенде апаттың алдын алуға болар еді дейді. Ал облыс әкімі тұрғындарға жедел түрде көмек берілетіндігін айтып, тұрғындарды сабырға шақырды.

Әзірге тұрғындар тума-туыс жағалап кеткен. Ал кейбірін әкімдік арнайы орталықтарға орналастырыпты. Бұл жерде оларға гуманитарлық және психологиялық көмек көрсетіліп жатыр екен. Айта кету керек, шығысқазақстандықтарға көмек көрсету үшін Алматы, Павлодар және Оңтүстік Қазақстаннан құтқарушылар жетіпті. Ал аймаққа әлі де төтенше жағдай қаупі төніп тұр дейді ауа-райын болжаушылар. Өйткені жақын күндері жаңбыр жауып, ауа температурасы 10 градусқа дейін көтерілмек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары