$ 448.15  483.46  4.86

Жыл сайын еліміздегі кәсіпорындарда 2,5 мыңнан астам адам мүгедекке айналады екен

Кәсіподақтар федерациясы еңбек қауіпсіздігі бойынша өндірістік кеңестерді құру жұмысына басымдық бермекші. Осының арқасында жұмысшылардың жарақат алу мәселесі жіті бақыланады, деп жазады ҚазАқпарат.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайымның айтуынша, бүгінде еңбек қауіпсіздігі мәселесі өзекті болып тұр.

"Негізі, бізге еңбек қауіпсіздігі мәселесіне баса назар аудару қажет. Осыған байланысты біз азаматтық қоғам мен ірі бизнеспен бірлесіп ағымдағы жылды еңбек қауіпіздігін қорғау жылы дер жарияладық. Қазіргі кезде аймақтарда қауіпсіз еңбек бойынша арнайы бағдарламалар әзірленді. Себебі бүгінде ресми статистика бойынша өндірісте 2,5 мыңнан астам адам жарақат алып, мүгедек болып жатады. Бұл дегеніміз, екі жарым мың адам қолдан, аяқтан, көзден айырылып отырады. Олай жалғаса берсе, біз мүгедектер ұлтына айналамыз. Сондықтан әрбір оқиғаны жіті зерделеуіміз керек. Құқық қорғаушылар да, кәсіподақтар да бірден дабыл қағып, тиісті шараларды атқаруы қажет. Бәріміз осы мәселеге баса назар аударатын боламыз", - деді Б.Әбдірайым.

Оның айтуынша, алдағы уақытта еңбек қауіпсіздігі бойынша өндірістік кеңестерді құру жұмысына басымдық беріледі. Бұл - әлемдік тәжірибе.

"Осы орайда айта кеткен жөн, қазіргі заңнамада еңбек қауіпсіздігі бойынша өндірістік кеңестерді құру міндеті бар. Оны орындамағаны үшін жұмыс берушілер жауап беретін болады. Сондықтан біз өндірістік кеңестердің жұмысына ерекше көңіл бөлетін боламыз. Бұдан бөлек, биыл қоғамдық еңбек инспекторларының форумын өткізуді көздейміз. Біз олардың жұмысын жандандырып, құқықтық мәртебесін көтереміз", - деп атап көрсетті Б.Әбдірайым.

Айта кетейік, бүгін Астанада Қазақстанның теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі салалық кәсіби одағына қарасты бастауыш ұйымдары төрағаларының  форумы басталды. ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайымның сөзіне қарағанда, аталған жиында жұмысшылардың барлық мәселелерін ашық талқылау жоспарланып отыр. Себебі бастауыш ұйымдар жұмысшылар проблемасын жақсы біледі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары