$ 443.85  474.3  4.8

Шымкенте қосылған елдімекеннің ауызсу проблемасы шешілетін болды

Биыл Шымкент шаһары ресми түрде мегаполис атанды. Ресми дейтініміз, кешегі Астана экономикалық форумын ашқан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев шымкенттіктерді "миллионер" қала атануымен құттықтаған болатын. Осылайша, Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы саналып келген Шымкент енді алдағы уақытта республикалық деңгейдегі қала мәртебесіне ие болады.

Шымкенттің миллионер қалаға айналуына бірнеше фактор әсер етті. Ең алдымен шаһардағы туу көрсеткішінің жоғары екенін айта кеткен жөн. Екіншіден, облыс орталығына қоныс аударушылардың да саны соңғы уақытта жоғары қарқынмен өсіп келеді. Үшіншіден, қала іргесінде жатқан ауылдық елдімекендер осыдан бірер жыл бұрын Шымкент құрамына қосылған болатын. Бұл да шымкенттіктер санының күрт өсуіне айтарлықтай үлесін қосты.

Мұның бәрі жақсы әрине, бірақ, Шымкентке ауылдық елдімекендер қосылғаннан кейін қосымша проблемалар пайда болды. Ол ең алдымен аталған ауылдардың кейбірінде инфрақұрылымның, атап айтқанда таза ауыз судың жоқтығы. Ал, қала статусына ие болғандықтан бұл мәселелер ең бірінші шешілуі тиіс. Сондықтан, соңғы 2-3 жылдың көлемінде аталған елдімекендерді ауыз сумен, автокөлік жолымен қамтамасыз ету жұмыстары қызу жүргізіліп келеді.

Қала аумағына 2014 жылы енген Тұрдыабад елдімекенінің тұрғындары ауызсуға зәру. Жақында Еңбекші ауданына қарасты елдімекен тұрғындары БАҚ өкілдерін шақырып, арыз-шағым айтты. «Ауылымызды Шымкентке қосқанда ең әуелі коммуналды сұрақтар тез шешімін табады деп қуанғанбыз» дейді ауыл биі Розмат Рызаев. 

– Алайда, «Тұрдыабадқа ауызсу тартылады» деп басталған жұмыстар дәл қазір тоқтап тұр. Жаз маусымы басталғаннан су қажеттілігі екі есеге артады. Ал біз әлі күнге 60 тонналық цистернаға су жинап ішеміз. Соның зардабынан балалардың іші ауырады. Электр жарығы болмай қалса, цистернадағы суға да жете алмай қаламыз, – дейді тұрғын.

Мәселенің мән-жайын білу үшін бұрғылау жұмыстары жүріп жатқан құрылыс алаңына бардық. Мердігер – алматылық «ПК Геотерм» ЖШС екен. Бұрғылау шебері Серік Малдыбаев тапсырыс берушілердің жоспарына сәйкес 50 метр тереңдікте ұңғыма бұрғылау жұмыстары аяқталғанын айтты.

– Бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық басқармасының тапсырысына сәйкес Базарқақпа, Өтеміс елдімекендерінде бұрғылау жұмыстарын аяқтадық. Базарқақпада 80 метр қазылған соң су шықты, қазір секундына 12 литр су беріп тұр. Ал Өтеміс елдімекеніндегі ұңғыманы қазу барысында тасты жердің қаттылығынан бұрғылау жұмыстары ұзақ уақытқа созылды. Қазір ол жақта да 135 метр тереңдіктен секундына 3 литр ауызсу шығып тұр, – дейді С.Малдыбаев. 

Оның айтуынша, Тұрдыабад елдімекенінде 25 метрге дейінгі бұрғылау жұмыстарын 2 тәулікте аяқтаса, одан кейін тасты бөліктің жұмыстары қиындап, тәулігіне 1 метр ғана тереңдетіп отырған. Қазір 50 метр тереңдікте қазылған ұңғымада су жоқ. Ары қарай тек тапсырыс бойынша жұмысқа кіріспек. Осы орайда Оңтүстік Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық басқармасының басшысы М.Зұлхарнайұлына хабарласып, ауызсумен қамту жұмыстарының «тоқтап қалмағанын» білдік. Бұл жобаға жетекшілік ететін басқарманың бас маманы Асылбек Құрманбеков тақырыптың түйінін тарқатып, түсіндіріп берді. 

– Тұрдыабад елдімекенінің жер асты су қорын бекіту жобасы «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында жүзеге асырылуда. 2018 жылдың сәуір айында басталған жоба бойынша алғашқы тереңдік 50 метр деп бекітілген. Қазір осы тереңдікке темір құбырлар отырғызылды. Сондай-ақ, ұңғыманы саз балшықтан тазалау мақсатында деглинизация жасалып, сулы қабаттың су беру және су өткізгіштігі қалпына келтірілді. Ендігі кезекте тәжірибелік-сүзгілеу шаралары қолға алынады. Жоба бойынша іздеу-барлау жұмыстары 2019 жылдың соңына дейін жүргізіледі деп жоспарланған, – деді маман.

Ендеше, тұрғындарға әлі де күтуге тура келіп тұр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары