$ 446.49  475.38  4.79

"Пәтерден қуып жатыр": Алматыда 8 балалы ана қайда барарын білмей дал

Алматыда 8 баланың анасы Әлима Жұбаева жалдамалы пәтерден пәтерге көшіп күнелтуде. Оның балаларының үлкені 16 жаста болса, кенжесі әлі қырқынан шықпапты. Алайда оның жағдайына қарамастан, пәтер иесі үйінен қуып жатыр екен деп хабарлайды 31 арна.

Көп балалы ананың тұрғын үй департаментінде үй кезегінде тұрғанына 5 жылдан асыпты. Алайда кезегі әлі жылжымай тұр.

Ең болмаса бір бөлмелі пәтер сұрап бармаған жері қалмаған 8 баланың анасы енді көпшіліктен көмек сұрауға мәжбүр.

«Шаршадым, күтіп, күтіп. Конкурстарға да қатысып тұрамын. Табыс көрсете алмай, конкурстан да өте алмай жатырмын. Бір адамдай жүгіріп жүрмін. Жыламаған балаға емшек жоқ дейді ғой. Құр отырған жоқпын. Ізденіп те жүрмін. Бірақ шешімі болмай жатыр», – дейді «Алтын алқа» иегері Әлима Жұбаева.

Әлиманың сөзінше, көлік жүргізуші болып жұмыс істейтін отағасының 100 мың теңге табысы күнкөрістеріне жетпейді. Тіпті, олар бұл ақшаның тең жартысына пәтерақысын төлеп келген. Алайда пәтер иесі оларды үйінен қуып жатқан көрінеді.

«Міне, осы айдың онында үйді босатамыз. Бірақ қайда барарымызды білмейміз. Бір күнде он шақты жалдамалы пәтерге қоңырау шаламыз. Бәрі бас тартады. Бірден қанша баламыз бар екенін сұрайды. Сегіз екенін айтсам, олар: «Жоқ, балаңыз көп екен», – деп жауап береді», – дейді «Алтын алқа» иегері Әлима Жұбаева.

Көпбалалы ана ендігі әкімдік баспана мәселесін шешіп бермесе, Бас прокуратураға шағымдануға ниеттеніп отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары