$ 447.4  477.55  4.76

Қазақстан ауылдарын таза ауыз сумен қамтамасыз етудің жаңа механизмдері ұсынылды

Қазақстан әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енуді мақсат еткен Орта Азиядағы жалғыз мемлекет. Бұл межеге жету үшін елде арнайы стратегиялық бағдарламалар қабылданған. Ең бастысы – халықтың әлеуетін арттырып, ел экономикасын тіктеу. Осы екі бағыт қатар дамыған кезде ғана межелі отыздықтан орын алуға болады. Сондықтан, қазіргі таңда елімізде әлеуметтік саланы және инфрақұрылымды жаңарту һәм жаңғырту жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Несін жасырайық, отыздыққа енеміз деген мақсатымыз болғанымен, Қазақстанның шалғай ауылдары әліге дейін ауыз суды тасып ішіп отыр. Яғни, таза су жеткізетін құбырлар жүздеген елдімекенге әлі жетпеген. Ал, дамыған елдер қатарына қосылу үшін тұрғындардың суға, энергияға, өркениеттің өзге де игіліктеріне қолжетімділігі болуы тиіс. Сондықтан Елбасы 2014 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасын бекітіп, оның аясында инфрақұрылымның барлық түрін жаңғыртуды тапсырды. Яғни, осы құжатқа сәйкес, 2025 жылға дейін қазақстандықтардың ауыз су проблемасы толықтай шешілуі керек.

Есте болса, бұған дейін елімізде «Таза ауыз су», «Ақ бұлақ» сынды мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асқан болатын. Алайда, олардың бірде-бірі діттеген мақсатқа қол жеткізе алған жоқ, яғни халықты толықтай таза сумен қамти алмады. Ендігі үміт «Нұрлы жолда».

ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, елдімекендерді сумен қамтамасыз етудің жаңа механизмдерін енгізу қажет. Қолда бар тетіктер тиімсіз, олардың соңы жемқорлыққа жиі ұласып кетіп жатады дейді ол. Мұндай ойын министрі бүгінгі Үкімет отырысында айтты.

Ал, ол ұсынған өзгерістер секторды одан әрі дамытудың жаңа тәсілдерін, жобаларды қаржыландырудың жаңа механизмдерін, сондай-ақ индикаторларды жаңартуды көздейді. Бюджет шығындарын азайту мақсатында заманауи технологияларды пайдалана отырып, желілерді қайта құру және жаңғырту ұсынылады.

«Біріншіден, сумен жабдықтау жүйелерін толық құралдандырып, автоматтандыру керек. Бұл өндірістік ысырапты 15 %-ға дейін, судың пайдасыз ағып кетуін 2%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Осының есебінен жыл сайын 35,7 млрд. теңге үнемделеді. Екіншіден, бюджет шығындарын азайту мақсатында заманауи технологияларды қолдана отырып, қолданыстағы желілерді реконструкциялап, жаңғырту қажет. Мысалы, эксперимент ретінде (Mitsui) жапон технологиясы бойынша коррозияға қарсы жабдықтарды орнату жоспарланған. Бұл коррозияны жояды және құбырлардың қызмет көрсету мерзімін 40 жылға дейін ұзартады, судың сапасын жақсартады. Айталық, 100 км желіні ауыстыруға 11,6 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалатын болса, осы көлемдегі желіге коррозияға қарсы жабдықты орнатуға шамамен 618,5 млн. теңге жұмсалады. Яғни, 19 есе арзан болады»,-деді Жеңіс Қасымбек.

Сумен жабдықтау және су тарту секторын коммерцияландыру мақсатында «Нұрлы жол» бағдарламасында басталған қайтарымды қаржыландыру механизмдерін одан әрі қолдану жалғасын табады.

Бүгінгі күні Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкімен (ЕҚДБ) әріптестік аясында сумен жабдықтау және су тарту жүйелерін жаңғырту бойынша жалпы құны 24,4 млрд.теңге болатын 13 жоба іске асырылып жатыр.

«Қалалық сумен жабдықтау және су тарту үшін мақсатты трансферттердің орнына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын қосымша қаржыландыруға республикалық бюджеттен қаражат бөлуді ұсынамыз. Ауылдық елдімекендер бойынша құжаттарға қойылатын талаптарды күшейтуді ұсынамыз. Оларға міндетті түрде алдын-ала тарифтердің есебі, халықтың келісім хаттамасы, ауылдың перспективасы туралы қорытынды жатады. Сондай-ақ, ірі жобалар бойынша техникалық шешімдерді ғылыми-техникалық кеңеспен келісу қажет деп санаймыз»,-деп атап өтті министр.

Министрлік биылғы жылдың 1-ші қазанына дейін осы саладағы заманауи жобалық және технологиялық шешімдерді ескере отырып, құрылыс нормативтерін қайта қарауды жоспарлап отыр. Мысалы, халқының саны 200 адамға дейінгі ауылдар су тазартатын кешенді блок-модульдер орнату арқылы сумен қамтамасыз етіледі (бір ауылға 18-20 млн. теңге, барлығы жергілікті бюджеттен  шамамен 26,5 млрд. теңге жұмсалады).

Бұл – ауылдарда сумен жабдықтау жобаларын іске асырған кезде шығындарды оңтайландыруға мүмкіндік береді. Ауыл тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету қарқынын тездету үшін қаржыландырудың қолданыстағы жүйесіне қосымша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмін енгізу ұсынылды.

Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында 2011-2017 жылдары республикалық бюджеттен 494 млрд. теңге бөлінді. Қалалардағы және ауылдардағы сумен жабдықтау және су тарту саласында 1684 жоба іске асырылды. Жалпы, 23 мың км желі салынды және қайта жаңғыртылды. 2011-2017 жылдары халықты сумен жабдықтау қолжетімділігі: Қалаларда 82 %-дан 93,8 %-ға дейін (жоспарда 90 %)(11,8%-ға); Ауылдарда 42,5%-дан 57,4 %-ға дейін (жоспарда 55 %)(14,9 %-ға) өсті. Орталықтандырылған су тарту жүйесіне қолжетімділік қалаларда 73%-дан 88%-ға дейін (15%-ға); ауылдарда 8,8%-дан 11,5%-ға дейін (2,7%-ға) өсті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары