$ 448.89  477.93  4.76

Алматы облысында саяжай тұрғындары өзен суын ішіп отыр

Алматы облысы Талғар қаласының іргесінде тұрған саяжай тұрғындары шіліңгір шілдеде ауыз сусыз өмір сүріп жатыр деп хабарлады 31-арна. Тіршілік нәрінен тарыққан 70-тей отбасы қыста су қатып келмейтінін, жаз шықса оның қайта жоғалатынын айтып ашынуда. Ал, Талғардағы «Су құбыры» мекемесінің ақ жағалылары, мәселесін айтып келген халыққа дүрсе қойып, «кемпірлерің жамырап келе бермесін» деп кері қайтарған көрінеді.

Ми қайнатар аптап ыстықта ауыз суға жарымай отқан халықтың Талғар өзенінен лай су алып ішуден басқа амалы жоқ. Айналасына қоқыс шашылып, иісі қолаңса сасып тұрған ағынды судан тұрғындарға ауру да жұғып жатқан көрінеді. Арам қатпастың амалын жасаған қараша таудан аққан суды сүзіп, бала-шағасына беріп отыр. Қалтасы көтеретіндер дүкеннен сатып алады, қалғанымыз тұрмысымызға осы жайдақ суды жаратамыз дейді.

«Тұрып жатқанымыз қоқыстың ортасы, ішіп жатқан суымыздың түрі мынау, мінекей. Ал, мынау суды әкімнің өзі ішіп көрсінші, қандай болады екен?» - дейді ашынған тұрғын Азат Жүсіпова.

Дүйім жұрт саяжайда 5 мыңдай халық тұрып жатқанын айтады. Алайда, жергілікті шенділер ауыл-аймағы деген мәртебе беруге асығар емес дейді көпшілік. Ал, Талғарға тиіп тұрған бау-бақша серіктестіктері құжат бойынша Еңбекші қазақ ауданына қарайды екен.

Халықтың бір кесе суға кенде екенін айтып барған бізді «Су құбыры» мекемесінің басшылары қуана қарсы алған жоқ. Абдырап қалған директор кабинетінен тұра қашты. Ал өтім бөлімінің басшысы жалпылама мәселелердің нюанстарын бастығының білмейтінін айтып, оның әркімнің үйіндегі суға жауап бермейтінін жеткізді. Біресе суды тоқтаусыз беріп жатырмыз деп, кейін су жоқ, ол бәріне бірдей жетпейді деп сөзінен сан мәрте жаңылып, соңында саяжайлықтар құбыр жүргізу үшін бюджеттен қаражат сұрауы керек деп шашыраңқы ойын әйтеуір түйді.

 

Алайда саяжай тұрғындарына жетпей жатқан су қатарымен тізіліп тұрған маңайдағы көлік жуатын кешендерге молынан келіп тұрған көрінеді.

Масқара болғанда, «Су құбыры» мекемесінің басшылары мәселені дереу шешуге кіріспей, бұл материал егер эфирге шығатын болса, сіздерден суды мүлдем қиямыз деп халыққа тағы қоқан-лоққы көрсетіпті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары