$ 443.85  474.3  4.8

Алматыда 53 отбасы баспаналы болды

Алматыда тағы 53 отбасы қоныс тойын тойлайды. Кезекте тұрған мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, көпбалалы отбасыларға, әскери қызметкерлерге «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында пәтер кілті табыс етілді.

Тұрғындар «Думан-2» ықшамауданының (Меркур-Град) тұрғын үй кешенінен баспанаға қол жеткізді. Салтанатты шараға тұрғындар, ҚИК өкілдері, БАҚ өкілдері қатысты.

«Қазақстан ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ «Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй» бағыты бойынша барлығы бір бөлмелі 26 пәтер (52,3-61,5 шаршы метр), екі бөлмелі 27 пәтер (76,8-83,9 шаршы метр) пайдалануға берді. Тұрғындар пәтердің әр шаршы метрі үшін айына 1119,23 теңге төлейтін болады. 20 жылдан соң баспана тұрғындардың меншігіне беріледі. Несиені мерзімінен бұрын өтеуге рұқсат етілген.

«Мемлекет басшысының бастамасымен жүргізіліп жатқан «Нұрлы жер» бағдарламасымен 2015-2017 жылдар арасында ҚИК еліміз бойынша 17 000-нан астам пәтерді пайдалануға берді. Алматыда 5000-ға жуық отбасы баспаналы болды. Жақында «Жас қанат» шағынауданында, Бесағаш ауылында пәтерлер беріледі. ҚИК бағдарламасы арнайы әлеуметтік жағынан аз қорғалған отбасыларды баспанамен қамтуға бағытталған», – дейді «ҚИК» ИҰ» АҚ Басқармасы төрағасының орынбасары Руслан Кәкім.

«Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй» көп балалы және толық емес отбасыларға, мүгедек балалары бар отбасыларға, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасыларға, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, оралмандарға, 1 және 2 топтағы мүгедектерге, сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлерге, әскери қызметкерлерге, арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне арналған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары