$ 447.4  477.55  4.76

Елімізде жұмыссыз жастардың саны 3,8 пайызға дейін төмендеген

Кез-келген мемлекеттің даму индексі ондағы халықтың өмір сүру деңгейімен, тұрмыс-тіршілігімен және ең бастысы жұмыссыздық көрсеткішімен есептеледі. Елде қазба байлық көп бола тұра тұрғындар арасында жұмыссыздық деңгейі жоғары болса онда өркениеттің ауылы алыс деген сөз. Сондықтан, дамуға ұмтылған мемлекеттер ең алдымен жұмысқа жарамды жастарын қызметпен жарылқап жатады.

Сол секілді Қазақстанда да бұл мәселе оң жолға қойылған деп сеніммен айтуға болады. Өйткені, біздің елдегі жастар арасында жұмыссыздық көрсеткіші жыл сайын кеміп келеді екен. Мұны Қоғамдық даму министрі Дархан Қалетаев Астанада өткен жиындардың бірінде мәлімдеді. Оның сөзіне сенер болсақ, дәл қазіргі таңда Қазақстанда жастар арасындағы жұмыссыздық күрт төмендеп, 3,8 пайызға дейін түсіпті.

Айта кетейік, осынау жиын барысында Дархан Қалетаев Жастарды әлеуметтендіру және жұмыспен қамту бойынша жол картасының жобасымен таныстырды. Оның пікірінше, дәл осындай қарқынмен жұмыс орындары ашыла берсе Қазақстанда жұмыссыздық мәселесі түбегейлі шешіледі екен.

«Елде жұмыссыз жастар саны кеміп келеді. Оған мысал, 14 пен 29 жас аралығындағы жұмыссыз жастардың үлесі 2001 жылы 18,6 процентті құраса, 2015 жылғы көрсеткіш бойынша жұмыссыздың деңгейі 4,2 процентке дейін кеміген. Ал, биыл жұмыссыз жастар саны тағы қысқарды», - дейді Қоғамдық даму министрі.

Оның сөзін өзге әріптестері, атап айтқанда Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова растап отыр.

Сағадиевтің айтуынша, мұндай нәтижеге қол жеткізуге түрлі мемлекеттік бағдарламалар себеп болған. Атап айтқанда, «Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020», «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға!», «Жастар практикасы», «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» және «Серпін» секілді жобалар қолы бос жастардың санын кеміткен.

«Мәселен, 2014 жылдан бастап іске асырылып келетін «Серпін» жобасы аясында 9 облыстағы 26 жоғары оқу орындарында 12 344 студент және 7 өңірде 37 колледжде 2276 студент білім алуда. Әсіресе, әлеуметтік жағынан аз қамтылған және де көп балалы отбасыларынан шыққан балалар аталған жоба арқылы өз біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік алып отыр. Бұған қоса өткен жылдан бастап баршаға арналған тегін техникалық-кәсіптік білім беру жобасы іске асырылуда. Жоба шеңберінде колледждерде мемлекеттік білім беру тапсырысы 54 процентке дейін көбейді», - деп атап өтті ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев.

Ал, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымованың айтуынша, елімізде жұмыспен қамтылған жастардың саны 2,1 миллион адамға жетіпті. Бұл тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткіш.

«2018 жылғы ІІ тоқсанның қорытындысы бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,8 пайызды құрайды. Бұл дегеніміз бүгінгі күні 82,4 мың адам жұмыссыз ретінде тіркеліп отыр деген сөз. Ал жұмыспен қамтылған жастардың жалпы саны 2,1 миллион адам. Оның ішінде 1,5 миллионы жалдамалы жұмыскерлер болса, ал 456 мыңы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарына жатады. Еліміздегі жастардың 36 проценті жоғары білімі, 39 пайызы арнайы орта білім алған. Ал, қалған 25 процент негізгі білім алған жастарға тиесілі болып отыр. Бүгінгі күнгі көрсеткіш бойынша елімізде жыл сайын 21 мыңнан астам адам техникалық және жұмысшы кәсіптеріне оқытылады», - деп атап өтті Әбілқасымова өз баяндамасында.

Осылайша, статистикаларға көз жүгіртер болсақ, елімізде 82 мың жас азамат жұмыссыз жүр екен. Былтыр бұл көрсеткіш 86 мыңнан асып жығылған болатын. Яғни, статистика жыл сайын жақсарып келеді. Ал, сол жұмыссыз жүргендердің өздеріне мемлекет тарапынан түрлі мүмкіндіктер беріліп отыр. Мәселен, жоғарғы оқу орнын оқи алмай дипломсыз жүрген жастар мемлекеттік бағдарламалар аясында нақты бір кәсіпті тегін игеріп шыға алады. Ол үшін кәсіптік-техникалық мектептердің есігі ашық. Қалаған кәсіпті таңдап, соны меңгеріп алғанша ақысыз оқуға болады. Оқуды бітірген соң қолыңа сертификат беріп, мемлекет бірнеше жұмыс ұсынады. Мұндай мүмкіндіктерді әлемнің өзге елдерінен кездестіру өте қиын.

Айта кетейік, жұмыссыз жастардың басым бөлігі – Алматы қаласында. Нақты саны – 15 500 адам. Бұл 15-28 жас аралығында жұмыссыз халықтың 18,8 пайызын құрайды. Одан кейінгі орында Түркістан облысы тұр. Бұл өңірде жұмыссыз ретінде 8 700 адам тіркелген. 7200 жұмыссыз жасы бар Қарағанды облысы үшінші орынға жайғасқан. Жұмыссыз жастары аз өңір Солтүстік Қазақстан облысы саналады. Бұл өңірде тұрақты жұмысқа орналаспаған 1500 адам бар.

Жалпы, еліміздің жастарының көтерме және бөлшек сауда, автомобиль мен мотоцикл жөндеу салаларына қызығушылығы басым. Аталған салаларда елімізде жұмыс істейтін жастар 16,5% құрайды. Жастар арасында танымалдыққа ауыл, орман және балық шаруашылығы ие. Бұл салаларда 276 мың жас жұмыс істейді. Білім саласында еңбек етіп жүрген жастардың саны 229 мың адамды құраса, өнеркәсіпте 221 жас тер төгуде. Сонымен қатар құрылыс саласында да жұмыс істейтін жастардың қарасы қалың. Бұл салада 149 мың жас еңбек етіп жүр.

Міне, Қазақстанның еңбек нарығындағы көрініс қысқаша осындай. Қуантарлығы сол, қазақ жастары жалқау деген стеоротип ескіріп, жойылуға айналды. Оған мына жоғарыда көрсетілген цифралар айғақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары