$ 444.32  473.33  4.76

Ел тасқын сумен күресіп әлек, Тілеухан — ҰБТ-мен...

Қазақстанның 5 бірдей облысын шайып кеткен тасқын су халықты әбден әбігерге салса, үкіметті тығырыққа тіреп қойды. Билік өкілдерінің тұрғындарды эвокуациялаудан өзге әзірге қолдан келер шарасы жоқ. Бақытжан Сағынтаев бастаған Үкімет мүшелері кеше де осы мәселеге қатысты арнайы жиын өткізіп, кінәлілерді іздеп көрген. Ал, Сенат депутаттары болса бір күндік жалақыларын зардап шеккендерге беретін болып шешті.

Қысқасын айтқанда, қазір бүкіл елде осы тасқын судың салдарымен күресудің амалдары талқыланып жатыр. Аталған проблема күн тәртібіндегі №1 тақырыпқа айналған. Ал, зардап шекпеген жұрт жылу жинауға да кірісіп кетті.

Алайда, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханды суға батқан халықтан гөрі Ұлттық біріңғай тесттің ішіндегі Баян Есентаева туралы сұрақ әлі мазалап жүрген секілді. Бұған дейін әбден талқыланып, "тізесі шыққан" осынау мәселені депутат қайта көтеріп, Премьер-министрден сұрақты тестке қосқан лауазым иелерін жазалауды талап етті.

"Тестілеуде Ермек Тұрсынов, Баян Есентаева, Нұртас Адамбай және шоу-бизнес пен эстраданың тағы да басқа өкілдері туралы сұрақтар бар. Тіпті спортшы Геннадий Головкин туралы сұрақта да мәселе бар. Қазір халықтың пікірін әлеуметтік желілер арқылы білуге болады. Соған қарағанда, халық уайым шегіп отыр. Мысалы, солар Есентаева мен Тұрсыновты балаларға мысал ретінде көрсеткенімізден не пайда көреміз деп отыр. Біреулері бұл сұрақтардың ішінде Фредди Роучтың (америкалық бұрынғы боксшы әрі бапкер - Авт.) не істеп жүргенін сұрайды. Халық мұндай сұрақтарға таң қалды. Шын мәнінде ол біздің рухани кодымызға, рухани жаңаруымызға үлес қосқан тұлға ма еді? Көпшіліктің наразылығын туғызған адамдарға лайықты жазасы беріле ме? ҰБТ тапсырмаларында осындай ірі қателіктер жіберген тестологтар жұмыстан шеттетіле ме? Меніңше, мұндай түсінбестіктер жүйенің өзінен шығып жатыр. Сондықтан оқу бағдарламасы, оқулықтар және ҰБТ жүйесі өзара байланысты болуы тиіс. Екіншіден, осындай маңызды мәселелер қоғамдық талқылаудан өтуі керек. Ұлттық кодқа, рухани жаңаруға үлес қосқан тұлғалар осы сұрақтарда болуы керек", - дейді Бекболат Тілеухан өзінің депутаттық сауалында.

Айта кету керек, ҰБТ-та қисынсыз сауалдардың бар екенін Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің өзі де мойындап, оларды алдыртып тастауға уәде берген болатын.

Ал, кеше ғана айлық-жалақысы өскен кезде "балаша қуанған" депутаттардың бірі Бекболат Тілеухан болса өзге мәжілісмендер секілді суға батып жатқан саулаушыларымен әлі кездескен жоқ. Жалпы, қазірге дейін бірде-бір депутаттың апат болып жатқан аймақтарға барғаны туралы айтылмады. Бәлкім су қайтқаннан кейін барып, халыққа Елбасының соңғы мақаласын түсіндіріп, рухани жаңғырудың не екенін үйретіп қайтар. Әзірге сайлаушылары өздері ебін тауып, амалдай тұрсын...

SkifNews-ақпарат

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары