$ 448.89  477.93  4.76

"Алтын белгі" белгі иелері ҚР БҒМ-нің тағы бір былығын әшкереледі

Мектепті "Алтын белгімен" бітірген түлектер бұған дейін жеңіп алған мемлекеттік гранттарын ЖОО гранттарына алмастыруға мәжбүр болса, енді олар сол гранттың өзін өзге мамандықтарға бергендігін айтып шағымдануда. Тіпті, олардың тұрғылықты мекен-жайларын да ескермепті. Бұл туралы КТК телеарнасы мәлімдеп отыр.

Мәселен, мектепті тек "5" деген бағамен бітірген Бота Мұрат өзі таңдаған дәрігер мамандығында оқи алмайды. Өйткені, Білім және ғылым министрлігі одан болашақта биотехнолог жасап шығармақшы көрінеді. Яғни, Ботаға грантты тек осы мамандыққа ғана берген.

"Белгілі болғандай, Алматы Техникалық университетінің биотехнология мамандығына оқуға түсіппін, бірақ мен мұны мүлдем қалағаным жоқ. Мен секілділер Астана, Шымкент, Қарағанды секілді қалаларда өте көп", - дейді Бота Мұрат.

Бірақ, былық мұнымен бітпейді. "Алтын белгі" иелері өзге мамандықта оқып қана қоймай, өзге қалаға да көшуге мәжбүр.

"124-128 балл деген "Алтын белгіні" ақтау. Өте жоғары балл. Тоғызыншы сыныптан біз қосымша сабақтарға барып, дайындық жүргіздік. Таңдаған негізгі мамандығым "Есеп және аудит" болатын. Жаңатылған тізімді қарасақ маған "логистика" мамандығына грант бөліпті. Мен бұл мамандық бойынша оқығым келмейді", - дейді Дина Сайлаубек.

Қазір ашуға булыққан ата-аналар Бас прокуратура мен Білім және ғылым министрлігінің өзіне арыз жазды. Ал, БҒМ болса өз былықтарын мойындап отыр және "Алтын белгі" иелеріне қалаған мамандықтарын беруге уәде берді.

"Жаңа тізім жасалып, бұл талапкерлердің алғашқы мамандықтары қалпына келтіріледі. Олар мемлкеттік грант иелері болғандықтан оларға бөлінетін қаражат өздері көрсеткен университеттерге бөлінетін болады. Мұндай университеттердің саны 30-дан аспайды", - дейді ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов.

Оның айтуынша, аталған проблема алдағы 2 тәулікте шешіледі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары