$ 444.32  473.33  4.76

Оңтүстікқазақстандық шенеунік оқушы қыздардың не себепті жиі жүкті боп қалатынын түсіндірді

Оңтүстік Қазақстан облысы қыздардың ерте жүктілігі бойынша республикада алаңсыз көш бастап келеді. Жыл сайын өңірде шамамен 600-800 жеткіншек мектеп қабырғасында жүріп-ақ жүкті болады екен. ОҚО Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекованың айтуынша, ерте балалы болатын қыздардың басым бөлігі өңірдегі өзге диаспора өкілдерінің қыздары көрінеді.

Басқарма басшысының айтуынша, өзбек, тәжік секілді ұлттарда қыздарын ерте тұрмысқа беру салты қалыптасқан. Яғни, қыз 15-16 жасқа толғаннан кейін ата-анасы оны үйде ұстамай, ұзатып жібереді екен. Мектеп қабырғасында жүріп жүкті болатындардың да басым көпшілігі осылар дейді ол.

- Мен сізге айтайын, оқушы кезде жүкті болып қалатын қыздардың көбі өзбек, тәжік секілді ұлттардың өкілдері. Оларда қыздарды ерте тұрмысқа беру салты сақталып қалған. Яғни, қызды 15-16 жасында күйеуге беріп жібереді. Бұл кезде қыз әлі мектеп оқушысы. Заңды некелеспесе де, имамның некесін алады. Өздері үшін бәрі қалыпты жағдай. Жаңағы адам шошырлық статистиканың қалыптасуына да осындай отбасылар себеп болып отыр, - дейді ол.

Қазір аталған басқарма өкілдері қыздарын тұрмысқа ерте беріп жіберетін отбасылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді.

- Қазір біз психолог, гинеколог секілді мамандармен бірлесе бүкіл оқу орындарын аралауды қолға алдық. Жаңағы жүкті болған қыздардың ата-аналарымен сөйлесеміз, ерте жүктіліктің қауіпті жағы бар екенін түсіндіріп айтамыз. Бірақ, бірі тыңдаса, екіншісі тыңдамайды, өздерінің салты бар. Мысалы, бір үйдің 5 қызы бар, бесеуі де мектеп жасында тұрмысқа шығып, бала босанып алған. Өздері үшін қалыпты жағдай болғанымен, статистика «айғайлап тұр», - дейді Балмаржан Нарбекова.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары