$ 443.85  474.3  4.8

Мүфтият демократияны жалаулатып дәстүрлерге тиісе бастады ма?

Қазақтың салт-дәстүріне ең алдымен салафизм ағымын ұстанушылардың қарсы екенін жақсы білеміз. Аузынан "ширк" түспейтін осынау жамағаттың өкілдері ата-баба жолымен жүруді күнә санайды әйтеуір.

Бірақ, біздің айтпағымыз бұл емес. Соңғы уақытта дәстүрлі ислам атынан сөйлеп жүрген мүфтияттың өзі осы дәстүрлерімізге қырын қарай бастады. Жо-жоқ, мүфтият салафизмді қолдайды демейміз. Бас мүфти де, өңірлердегі имамдар да исламдағы осынау ағымға соңғы кезде қарсылықтарын білдіріп-ақ жүр. Дегенмен, мүфтияттың жаназа мен жерлеу рәсіміне қатысты енгізген өзгерістері көңілге еріксіз күмән ұялатады.

Мәселен, жуырда ғана Жезқазған мешітінің бас имамы Мәди Тоқпанұлы жергілікті жамағатты жинап, жаназа мен жерлеуге қатысты өз пәтуаларын шығарды. Имамның шешімін жамағат бірауыздан қолдай кетіпті. Ал, аталған пәтуаны шығаруға мүфтияттың былтыр басып шығарған «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты кітабы негіз болған көрінеді. Онда атам заманнан бүгінге дейін қалыптасқан қазақтың кейбір ырым-жоралғыларына имам-молдалар тыйым салған. Мүфтияттың осы әрекетін салафизммен салыстырып отырғанымыз содан.

Қандай тыйымдар салыныпты деп сұрарсыздар. Айтайық.

Ең алдымен жаназада митинг тоқтатылсын дейді. Яғни, жерлеу кезінде марқұмның көзі тірісінде жасаған жақсылықтарын, қайырымды істерін айтуға болмайды ғой? Оның дінге қандай қайшылығы бар? Түсініксіз...

Екіншіден, марқұмның артынан жыртыс тарату тоқтатылсын дейді.

«Ең арзан қытай матасының бір шаршы метрі 300 теңге тұрады, ал бізде кемі екі шаршы метр мата беру қалыптасқан, яғни жыртыс таратудың өзіне қыруар қаржы кетеді. Ерекше қадірлі қонақтарға барқыт пен өзге де қымбат маталар беріледі, адам басына 2-3 мың теңгеге дейін кетеді. Орта есеппен жаназада 100 жыртыс таратылады. Яғни матаның өзіне 150-200 мың теңге кетеді деген сөз. Мүмкін бұрынырақта мата беру пайдаға асатын іс болған шығар. Алайда бүгінде ел киімді дүкеннен алады, ал жыртыс тарату ауаға ақша шашумен тең», - делінген Жезқазған мешітінің таратқан мәлімдемесінде.

Танымал журналист Өмірзақ Ақжігіт болса жыртыс таратуды қазақ дәстүрінің бір бөлігі деп есептейді.

«Жалпы, жаназа мен жерлеу рәсімдеріне өзгеріс енгізу қажет емес. Мен оған қарсымын. Мәселен, жыртысты қазақ жасы келген, өскен-өнген адам қайтқанда ғана тебірік ретінде таратады. Оның несі жаман?», - дейді журналист.

Ол сондай-ақ, соңғы уақытта имам-молдалар мәйітті дереу жерлеп тастауды тапсырып жүргенін де айтты.

«Қазақтың Құранда тыйым салынбаған марқұмды 1-2 күн ҚОНДЫРЫП жерлеу рәсімін, оның жетісін, қырқы мен жылдық асын беру салт-дәстүрін сіздер жөндемей-ақ қойыңыздаршы! Құдай үшін! Одан-дағы ақыл-біліміңізді, күш-жігеріңізді, ынта-ықыласыңызды, бәрін-бәрін қазақтың бір діни жол-жобамен жүруіне жұмсаңыздаршы!» - деп жазды Ө.Ақжігіт өзінің Facebook-парақшасында.

Жезқазған мешітінің бас имамы Мәди Тоқпанұлының жаназаға қатысты тыйымдары мынадай:

1. Жаназада митинг тоқтатылсын,
2. Жаназада марқұмның артынан жыртыс тарату тоқтатылсын,
3. Құдайы ас дастарханында торт, жеміс-жидектер қойылмасын,
4. Марқұмның жетісін кафеден емес, тек үйден беру. Жетісіне көңіл айтатын адамдар ғана барылсын,
5. Жаназаның асында дастарханнан ештеңе алмау. Өйткені қаралы үйге көңіл айтуға келетін қонақтары болады. (қайта-қайта шашылмас үшін),
6. Жаназаның асында, қырқында, жылында сөз сөйлеу тоқтатылсын.
7. Жаназаның асында, жетісінде, қырқында, жылында видео ролик көрсетпеу.
8. Дәлеліндегі (қонақ асы) тамақ беру тоқтатылсын (қаралы үйде 3 күнге дейін тамақ берілмейді).

Есте болса, салафизм өкілдері елімізге алғаш келіп, кеңінен етек жая бастағанда қазақтың бүкіл салт-дәстүрін жоққа шығарып, өз идеяларын көпшілік арасына тықпалай бастаған болатын. Мүфтиятты салафизм қолдаушысы деуден аулақпыз әрине! Бірақ, мына жоғарыдағы пәтуасымен не айтқысы келгендерін де түсіне алмадық.

Сосын айта кететін тағы бір жайт бар. Жезқазған - салафизм ұстанушыларының көп шоғырланған қалаларының бірі болып есептеледі. Сирияға соғысуға кеткен қазақтардың көбі осы аймақта туып-өскендер. Демек, Мәди Тоқпанұлына артылып отырған жүк ауыр. Ол дәл қазір өз жамағатына қазақылықтың, дәстүрлі исламның дәнін барынша себуі керек. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары