Жаңалықтар. Қазақстанның жаңалықтары

Қазақстан, Қазақ, Жаңалықтар, Тіл, Қазақша, Қазақша жаңалықтар, Әдебиет, Телеарналар, Газеттер, Радиолар, Електронды бақ, Дін, Ақпарат, Билік , Хабар,Азаттық, Қаз ақпарат , жаңалықтар бүгінгі, жаңалықтар бүгінгі, жаңалықтар қазақстан, жаңалықтар 2015, жаңалықтар қазақша, бүгінгі жаңалықтар қазақша, қазақстан жаңалықтары, жаңалықтар кз, Қазақша жаңалықтар

08.02.2018, 18:29

Журналист Ерлан Біләлдің үкімі жайында: «Жемқорларға ара түспей тыныш отырайықшы»

Күні кеше Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы қазақ драма театрының экс-директоры Ерлан Біләлге сот үкімі шыққан болатын. 1,5 миллион теңге пара алып жатқан сәтінде ұсталған актер енді айыбын өтеу үшін бюджетке 52,5 миллион теңге қайтаруы тиіс.

Біләл ұсталған уақыттан бері қазақ қоғамының пікірі екіге жарылды. Бірі қайраткерді парақорлығы үшін жазалау керек деп есептесе, өзгелері кешіріммен қарап, жазадан босатуды сұрап жатты. Соңғыларының қатарында ел алдында жүрген даңқты өнер қайраткерлері бар.

Ал, елімізге танымал журналист Қуандық Шамахайұлы болса жемқорлар міндетті түрде жазалануы тиіс деп есептейді. Бұл туралы ол өзінің Facebook-парақшасына жазған.

«Пара алу, жемқорлық секілді жиіркенішті қылмысқа қоғам төзбейтін ахуал қалыптасуы керек еді. Өкінішке қарай оны ақтайтын, қылмысқа тартылғандарға ара түсетін, тіпті, ақтауға тырысатын жағдайға душар болған екенбіз. Әу баста бір топ қайраткер шығып, қылмысын өзі мойындап тұрғанына қарамастан, Ерлан Біләлді «сүттен ақ, судан таза» деп бетін жыртып, жылап-сықтады, «дарынды адам пара алмайды» десіп еңіресті. Бірақ, ақша көрсе актер де жолдан таяды екен, дарындылығына қарамастан (шынын айтсам, қандай образ сомдағанын білмейді екенмін)», - дейді журналист өз жазбасында.

Ол сондай-ақ тергеу кезінде ара тшүсіп жүрген қайраткерлердің бірде-бірі сот отырысына келіп, Біләлге қолдау көрсетпегенін де айтты.

«Обалы нешік, Ерланның ерлігі қателігін ашық мойындауы болды. Сот үкімі оқылғанда, әлгі атақтарынан ат үркетін қайраткерлер ат-тондарын ала қашып қарасын көрсетпеді. Оларға азаматтан гөрі оның лауазымы қымбат болған шығар. Мәнсабынан айырылғаны анық болған соң «аш пәледен қаш пәле». Ал, актеріміз өткен іске өкінген де шығар, бірақ, атағы мен сыйлықтарына жармасып, зар иледі. Ар-ұяттан гөрі атақ пен сыйлық қымбат заман-ай, десеңші!» - деп жазды ол.

Қуандық Шамахайұлы сондай-ақ, бүкіл қоғамды жемқорларға ара түспей, заңды сыйлап үйренуге үгіттеді.

«Қазір болмашы мәнсапқа қол жеткізгендердің көбі пара алуға, бюджеттің ақшасынан жымқырып қалуға тырысатыны бәрімізге белгілі. Бір анығы – лауазымдық қызметтің қай түрін де дәл қазір ешкімнің дарын-қабілетіне, біліктілік-қарымына қарап әділ түрде ұсынып жатқан жоқ. Небір сұрқия алаяқтар мен ақымақтар да екі тізгін, бір шылбырды қолына алып, өздерінен неше есе ақылды, білімді жандарға көсемсіп отыр. Жай көсемсіп қана қоймай біліктілілерге өлердей өшігіп, қысым жасап, тықсырып, қуғындап жатыр. Ертеңгі күні тағы біреу ұрлық үстінде ұсталса «ол залым емес, ғалым еді», «қазақтың біртуарының қызы еді», «пәленшекеңмен сыйласқан адамның ұлы еді» деп ақтап алуға тырысып жүрмесек болды ғой. Себебі, қазір мәнсаптылардың үлкені де, кішісі де қарпып қалуға, іліп кетуге, жымқыра беруге қатты әуестеніп кеткен. Қысқасы, ұсталмағанның бәрі ұры емес. Сондықтан, сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің жұмысына атсалысып, қол ұшын бермесек те, шын жемқорларға ара түспей тыныш отырайықшы, тым құрығанда! Заңымызды сыйлап үйренейік», - деп сөзін аяқтады танымал журналист.

Пікір қалдыру үшін әлеуметтік желі арқылы кіріңіз

     
SN туралы      Жарнама

      info.skifnews@gmail.com

«SN.kz» ақпараттық порталына гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.

DivideGroup — сайт әзірлеуші

©2016-2018 Skifnews.kz. Авторлық және жарнама құқықтар толығымен сақталады.

    Яндекс.Метрика