$ 446.49  475.38  4.79

Түркіменстандағы 120 мың қазақтан небәрі 20 мыңы ғана қалған

Жыл өткен сайын Түркіменстандағы қазақ диаспорасының саны азайып барады. Олардың көбі іргелес Қазақстанға көшіп, қазір жасы үлкендер қалған деп жазады Азаттық.

Түркіменстанда тұратын этникалық қазақ Бисенғұл Бегдесіновтің айтуынша, елдегі соңғы санақ 2012 жылы жүргізілген. Бірақ оның нәтижесі бірден жарияланбай, арты созылып кеткен. Азаттық тілшісіне осыны айтқан Бисенғұл Бегдесінов Совет дәуірінде жүргізілген санақ қазіргіге қарағанда ашақы болған. Және нәтижесі де тиісті уақытында жарияланып тұратын. Алайда, тәуелсіздік алғаннан бері Түркіменстанда жүргізілген санақ мәліметтері айтылмайтын болған. Сондықтан осы елде тұратын қазақ диаспорасы санын тек жобалап айтуға болады.

- Совет дәуіріндегі соңғы санақ бойынша Түркіменстанда 87 мыңдай қазақ бар еді. Оның жарымына жуығы көшті. Сонда қазір қанша қалғанын шамалап қана есептеуге болады, - дейді Бисенғұл Бегдесінов.

120 МЫҢНАН ҚАЛҒАНЫ – 20 МЫҢ?

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мамандарының мәліметіне қарағанда 2008 жылы Түркіменстан қазақтарының саны 60 мыңды шамалаған. Түркіменстан қазақтарының дені Қазақстанның Маңғыстау облысымен шектесетін Түрікменбашы өлкесіне қоныстанған. Олардың көпшлігін жиырмасыншы, отызыншы жылдарғы әр түрлі қуғын-сүргін кезінде Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе және Қызылорда облыстарынан бас сауғалап барғандар немесе олардың ұрпақтары құрайды.

Ал таяуда ғана Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Түркіменстандағы этникалық қазақтардың саны «табиғи себептерге», оның ішінде «тарихи отанына көшуіне» байланысты азайғанын мәлімдеген болатын. Министрдің айтуынша, қазір Түркіменстанда 20 мыңға тарта этникалық қазақ тұрады. Алайда 1990 жылдары Түркіменстандағы қазақтардың саны 120 мыңға жеткен. Қазір екі ел арасында визалық тәртіп орнағанымен, шекара бойында тұратын Түркіменстандағы қазақтар - Қазақстанға, Қазақстандағы түркімендер Түркіменстанға шекаралас облыстарда бес күнге дейін визасыз қатынай алады.

«ЖАСЫ ҮЛКЕНДЕР ҒАНА ҚАЛДЫ»

Бисенғұл Бегдесінов Түркіменстанның қазіргі ұстанып отырған саясатына қатысты көп нәрсені ашып айта алмайтынын жеткізді. Оның айтуынша, Түркіменстанда қазақ жастары елде қалмай, дені Қазақстанға кетіп қалған. Мәселен, Бисенғұлдың екі баласы да Алматыда тұрады екен.

- Мұнда тек жасы үлкендер қалдық қой, - дейді ол Азаттыққа.

Қазір жеке кәсіппен айналысатын Бегдесінов бұрындары жоғарғы оқу орындарында оқытушы, ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген. Ол өзі институтта сабақ беріп жүрген кезде мұнай саласында білім алатын қазақ жастарының көп болғанын айтады.

- Қазір институттар да азайды және олардың барлығы тек мемлекеттік тілде ғана сабақ береді, - дейді ол. - Мысалы, Қазақстанда оқу орындарында орыс тобы, қазақ тобы деп бөліп жатады ғой. Өз таңдауың бойынша оқисың. Ал, бұл жақта ондай таңдай жоқ. Сол себепті де орта мектепті жақсы бітірген жастар Қазақстанға кетіп жатыр.

Осыны айтқан Бегдесінов «ашық сұхбатты тек Қазақстанға жол түскенде ғана бере алатын» да жасырмады.

«АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚЫМБАТ, ЖҰМЫС ЖОҚ»

Азаттық тілшісі Түркіменстаннан Қазақстанға қоныс аударған бірнеше этникалық қазақпен де тілдесіп көрді. Олардың көпшілігі «Түркіменстанға бару үшін виза алудың да қиындап кеткенін, сол себепті ол жақтан хабарсыз қалғандарын» айтып, ашық сұхбат беруден бас тартты. Тек өзін Қуаныш Әлібек деп таныстырған азаматтың айтуынша Түркіменстандағы қазақтардың кейбірі өздерінің ұлтын «түркімен» деп жаздыруғы тырысады.

- Қазақстанға 2008 жылы көшіп келдік. Қазір - Қазақстан азаматымын. Осыдан бес жыл бұрын бір рет туысшылап бардым. Сол кезде Түркіменстандағы адамдардың тұрмысы өте жұпыны екенін байқадым. Ақша аз, азық түлік қымбат, жұмыс жоқ. Мектептер мен университеттерде тек түркімен тілінде білім береді, - дейді ол.

Түркіменстан қазақтары жайлы нақты ресми мәліметтер алу мақсатында Азаттық тілшісі Қазақстанның Түркіменстандағы елшілігіне де хабарласып көрді. Елшіліктегі телефон тұтқасын көтеріп, өзін «екінші хатшы Данияр» деп таныстырған азамат жауап беруге келіскенімен, кейін қоңырауға жауап бермеді.

Түркіменстан қазақтарының басым бөлігін 1928-1932 жылдары Қазақстандағы конфискілеу мен ашаршылық жылдары Маңғыстау өңірінен қоныс аударып барған адамдар құрайды. Қазақстан-Түркіменстан шекарасының ұзындығы - 458,3 километр.

Нұртай Лаханұлы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары