16.04.2018, 14:59

Қытайдағы қазақтардың не үшін қамалып жатқаны белгілі болды

Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Мұхтар Тілеуберді Қытайда қуғын көріп жатқан этникалық қазақтарға қатысты мәселеге комментарий берді деп хабарлады Азаттық.

Бүгін түске дейін парламент мәжілісінде өткен үкімет сағатында депутат Бекболат Тілеухан вице-министр Мұхтар Тілеубердіге Қытайда қуғын көріп жатқан қазақтардың мәселесі жайлы сауал қойған. Тілеухан "Қытайдағы қиын жағдайға ұшыраған қандастардың мәселесін Сыртқы істер министрлігі (СІМ) арқылы халықаралық нормаларға сүйеніп шешуге болмай ма?" деп сұрады. Тілеуберді депутатқа жауабында олардың Қазақстанға келіп оралман мәртебесін алғанын, бірақ Қытайда тұрақты тіркеуден шықпай, сол елдің жеңілдіктерін алып келгенін айтты.

"Олар тұрақты тіркеуден шықпағанына байланысты қамалып отыр. Себебі олар тұрақты тіркеуден шықпағандықтан қосымша әлеуметтік төлемдерді алып отырған. Сол себепті жергілікті билік бұған тыйым салып отыр. Осындай мәселелер туындап отыр. Сондықтан біз жеңілдіктер жасағанда оны жан-жақты қарап, сол елдегі (Қытайды айтады - ред.) талаптарға қайшы келмейтіндей жасауымыз керек. Бұл мәселе бойынша Қытай үкіметімен келіссөз өткізіп жатырмыз. Мен ертең өзім Үрімжіге шығамын. Сол жақтағы қазақ диаспорасының мәселелерін талқылауға барамын" деді Мұхтар Тілеуберді.

Қытайдағы этникалық қазақтардың жаппай қысымға ұшырағаны туралы ақпараттар 2017 жылдың сәуір айынан тарай бастаған. Шыңжаңда ұсталғандар арасында Қытайдан тарихи Отанына оралып, Қазақстан азаматтығына ие болғандар да бар.

Бұған дейін Қытайдан келген оралмандар Алматыда туыстарын Қытайда заңсыз ұстап отырғанына наразылық танытып, әкімдіктен бейбіт шеруге рұқсат сұраған.

Telegram-каналға жазылып, бәрінен хабардар болыңыз!

SN туралы      Жарнама

      info.skifnews@gmail.com

«SN.kz» ақпараттық порталына гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.

   

Skifnews жаңалықтарын Facebook-те
оқу үшін "Нравится" белгісін басыңыз

  

 

©2016-2018 Skifnews.kz. Авторлық және жарнама құқықтар толығымен сақталады.