$ 494.87  520.65  4.91

«Тоқалды шамаларың келсе алыңдар»: Үш әйел алған кәсіпкер қалай өмір сүріп жатқанын айтты

Алматыдан Түркістанға көшіп барған Алматты көршілері үш әйел алған еркек ретінде жақсы таниды. Үшеуінен 8 бала көрген 54 жастағы кәсіпкер өз өмірі жайында NUR.KZ порталына әңгімеледі.

Алматыда Алматтың бірнеше дәріхана мен дүкені бар екен. Екі әйеліне коттедж соғып беріпті. Олар бір-біріне көрші тұрады. Ал үшіншісіне екі бөлмелі пәтер сатып әперген.

Алмат бұрыннан үлкен отбасы болуды армандапты. Өйткені ол отбасында жалғыз өскен екен. Сол үшін де үш әйел алғанын айтады.

«Бірінші әйелім Балқиямен Түркістанда мектепте бірге оқыдық. Сол уақыттан бастап біргеміз. Оның да жасы 54-те. 90-жылдары Алматыға келіп мал сатып, өз ісімізді ашқанбыз», - дейді Алмат үлкен үйін көрсетіп.

«Балқия екеуміздің үш қызымыз бар. Біз онымен әлі бірге тұрамыз. Ұл болмаған соң екінші рет үйлендім. Сөйтіп 35 жастағы күйеуімен ажырасқан әйелді алдым. Ол кезде 42 жаста едім. Ол маған екі қыз және екі ұл бала туып берді», - деген Алмат үшінші әйелінің орыс екенін айтады. Онымен төрт жыл бұрын үйленіпті.

«Алена 28 жаста. Ол балалар үйінде өскен. Біздің дүкенде сатушы болып істеді. Мен оның сабырлылығына қызықтым. Қазір біздің бір ұлымыз бар. Атын – Нарсұлтан қойдық. Алена қазақша жақсы біледі», - дейді Алмат.

Алмат екінші рет үйленгенде оны ешкім түсінбепті. Мектепте оқитын қыздары қарсы шығып, әйелі бұған көне алмаған.

«Алғашында бірінші әйелім келісімін бермеді. Бірақ мен еркекпін ғой. Егер үйленбегенімде 3 ұлды маған кім туып берер еді? Үш әйелімнің де жағдайын жасап бердім. Оларға хиджаб кигізіп қойған жоқпын. Өз қалауларынша өмір сүруде. Ал қыздарыма өз істерін ашып бердім. Бірақ барлық еркекке тоқал ал деуден аулақпын. Егер жағдайың жетіп жатса, алуға болады. Бір жағынан тоқалсыз да бақытты өмір сүріп жүргендер бар», - дейді кәсіпкер.

Алмат әйелдері мен балаларының бір-біріне дұшпан болғанын қаламайды. Сол үшін үш әйеліне аптасына бірнеше рет кезекпен барып отыратын көрінеді. Ал үш әйелі бір-бірімен жақсы араласпағанымен, тойларда бірге жүре береді екен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары