$ 494.87  520.65  4.91

Мұрат Әбенов: «Қазақстан халқы Рухани жаңғыруға да, 100 нақты қадамға да, 5 әлеуметтік реформаға да сенбейді»

Мәжілістің бұрынғы депутаты, Білім және ғылым министрінің экс-орынбасары Мұрат Әбенов ішкі істер органдары саласына түбегейлі өзгеріс енгізу керек деп есептейді. Оның реформа туралы ой қозғауына Атырау облыстық ІІД-нің басшысы Аян Дүйсембаевтың казинодағы видеосы әсер еткен сыңайлы.

Экс-депутаттың пікірінше, Ішкі істер министрлігі іштен іріп-шіріген. Аймақтарда халықпен байланыс жоқ, халық та Астанадан үмітін үзген деп жазды Әбенов өзінің Facebook-парақшасында.

«Еліміздің белсенді азаматтары бұл тақырыпты көтеруден пайда жоқ екенін жақсы түсінеді, өйткені жіптің ұшы Астанаға баратыны белгілі. Ал, ондағылар халықтың талабына мән бермейді де. "100 нақты қадам" реформасының басында ашықтық туралы айтылып еді, сол кезде кері байланыс болатын шығар деген үміт оянған. Алайда, үміт үзілді», - дейді қоғам белсендісі Мұрат Әбенов.

Оның айтуынша, еліміздің ең белсенді азаматтары саналатын алматылықтардың өздері реформа талап етеміз деп түк бітіре алмапты. Ал, басқалар туралы сөз қозғаудың өзі артық дейді экс-депутат.

«Сондықтан Қазақстан халқы "Рухани жаңғыруға да, "100 нақты қадамға" да, "5 әлеуметтік реформаға" да сенбейді. Өйткені халықтың пікірін елеп жатқан билік жоқ және аталған реформаларға халықтың қатысуынан ешқандай өзгеріс болмайды, оған тұрғындардың көзі жетті», - деп жазды Әбенов әлеуметтік желідегі өз парақшасында.

Еске салайық, бүгін әлеуметтік желілерде Атырау облысы ІІД-нің басшысы Аян Дүйсембаевтың Минск қаласындағы казинода отырған сәті түсірілген видео тарап кеткен болатын. Көп ұзамай Ішкі істер министрлігің ресми өкілі арнайы мәлімдеме жасап, бұл видеоның 2014 жылы түсірілгенін, онда расымен де Дүйсембаевтың отырғанын, алайда оның құмар ойын ойнамағанын айтты. Десе де, видеокадрларда Аян Дүйсембаевтың казино столына фишкалар қойып жатқан сәті анық көрінеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары