$ 449.58  486.94  4.86

Пәтер, автокөліктер және 100 млн теңге: 8 жыл бойы құмар ойын ойнаған жігіт ұтылған ақшасын санап берді

Казиноларды былай қойғанда букмекерлік кеңселердің қаражат айналымы шамамен 250 миллиард теңгеден асқан. Жастарының 30 пайызы оңай ақша табамын деп ойынханалардың айналасын жағалап кеткен. Кей ойынқұмарлыққа салынған азаматтар бұл саланы тіпті табыс көзі ретінде танып, мамандық есебіне қосып қойыпты.

Ақша тігуді дамыған елдерде зерттеп, ауру есебіне қосып азаматтарын емдеп жатса біздің мемлекетте бұл үрдіс әлі бір орында тұр, деп жазады Stan.kz Еуразия телеарнасына сілтеме жасап.

Бұл жігіт 21 жасында былайша айтқанда «ставка» қоюды бастаған. Бастаған да, 8 жыл бойы тастай алмаған. Осы уақыт аралығында мал-мүлкінен бөлек шамамен 100 миллион теңгесінен айырылып тыныпты.

«Өте көп көлік ұтылдым. Пәтер ұтылдым. 300 мың АҚШ долларынан басқа осы қаражаттарды ұтылдым деп айтсам болады. Соның 20 пайызы менің қаражатым болған шығар, бірақ 80 проценті туысқандарым, әке-шешемнің қаражаты болды. Өте көп ремиссиялар болды», – дейді жігіт.

Кейіпкеріміз ойынның соңына жетемін деп тіпті шетел асқан. АҚШ-тың казиноларына барып бар ақшасын желге ұшырыпты. Сосын біраз уақытқа есін жиып қарапайым өмірге оралғанымен ойын алаңынан алыстай алмаған. Бұл аурудың нашақорлықтан айырмашылығы шамалы екенін айтады.

«Құмар ойын ойнайтын адам көп нәрселерге барады деп айтуға болады. Ол туыстар, жақындарын алдайды. Кейбірде ұрлық жасайды. Заңсыз іс-әрекеттерге барады. Мұның бәрі менде болды. Осы ойнаған 8 жылдың ішінде туыстарды, ата-анамды алдадым, тіпті ұрладым да», – дейді ол.

Мамандар ақша тігуге құмар азаматтардың ойға кіріп шықпайтын әрекетке баратынын растап отыр. Бұған қоса жеңіл ақша тапқысы келетіндердің психологиялық портреті де айқын деседі.

«Құмартуға баратын бірінші бала кезден шектен тыс қамқорлықты көп көрген балалар барады. Екіншіден белгілі бір қаражат мәселесін шешемін деп тығырыққа тірелген адамдар барады. Үшінші түрлі психикалық ерекшеліктерге байланысты барады. Сондықтан, психологияда арнайы терапиялық әдістер бар емделуге болатын. Бірақ мұндай құмарту ойындары өте ұзаққа созылатын емдеу процесіне жатады», – деді психолог Жаңагүл Тұрманова.

Ақшасын букмекерге апарып тікпесе басы ауыратындардың жас мөлшерінде де шектеу болмай тұр. Қазақстанда 12 жастағы баладан бастап 60-тан асқан қарттардың өзі кеңсе жағалап кеткен. Ойынқұмарлыққа шалдыққандарды емдейтін орталықтың бірі Алматыда орналасқан. Мұндағы мамандар «ауру адамды сөзінен-ақ танимыз» -дейді.

«Ойынқұмардың 99 пайыз айтқан сөзі өтірік. Ең сорақысы сол өтірікке өзі сенеді. Өзін ақтай отырып тіпті тап болған жағдайына кінәлі адамды тауып алады. Ауру екенін, дертке душар болғанын мойындамайды. Мен ақылдымын! Қалғандарының бәрі ақымақ деп есептейді», – дейді аддиктолог Бекзат Байсафаров.

Өздігінен емделуге келетіндердің саны саусақпен санарлық. Ойынқұмардың ата-анасы оның бар қарызын жапқанымен проблема сол күйінде қала береді екен. Практикада дәлелденген факт. Жалпы бұл дертті бір адамның ғана емес, тұтас отбасының мәселесі ретінде қабылдаған жөн деседі.

«Кей ата-аналар бұл аурудың созылмалы әрі толық емделуі мүмкін емес екенін түсінбейді. Ойынға салынып кеткен азаматпен арадағы байланыста шекара міндетті түрде сақталу керек. Мысалы, баласының қарызын толық өтеп, жұмысқа кіргізіп, өмір сүруді үйретіп ұрыса бастайтын болса ол қайтып ескі әдетіне басуы мүмкін», – деді психолог.

Себебін анықтамай, салдарымен күрескеннің пайдасы шамалы. Әлеуметтанушы Салтанат Оразбекова осылай дейді. Қазір ойынқұмарлықты қай санатқа жатқызатынымызды білмей жүргенде орталықтардың саны күн санап артуда.

«Осы Астана бойынша 104 ойын клубтары бар екен. 11 букмерелік клубтар өз жұмысын жүргізіп тұр. Астана бойынша 152 оның орны бар екен. Осыдан кейін санай беруге болады қаншалықты адамдар әуес. Өйткені осындай ойын клубтары мен букмекерлік орталықтардың көп болуы да соның өзі себеп болуы мүмкін», – дейді әлеуметтанушы Салтанат Оразбекова.

Мектептердің айналасында спирттік ішімдік пен темекі өнімдерін сатпау туралы заң бар. Ал бірақ букмекерлік кеңселерді алыстату туралы әңгіме тек ара-тұра қозғалып жүр. Мәжілістің жақында өткен жалпы отырысында Артур Платонов мына фактілерді жіпке тізді.

«Қазақстанда ойынға құмар азаматтардың саны 300 мыңнан басталып, бір миллионға дейін жетіп отыр. Бұл жастардың 30 пайызы деген сөз. Ал осы ойынханалардағы қаражат айналымы 250 миллиард теңгеге дейін жетуі мүмкін. 21 жасқа толмағандарды мұндай орындарға кіргізбеу туралы заңда жазылған. 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады және әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл тым үлкен жауапкершілік дей алмаймыз», – дейді ҚР парламент мәжілісінің депутаты Артур Платонов.

Әңгіменің әлқисасына қайта оралсақ. 8 жылда 100 миллион теңгеден астам ақшасынан айырылған азамат өзінің ауру екенін ақыры мойындап емдеу курстарына жазылыпты. Өзгелерге берер кеңесін өз аузымен жеткізгенді жөн көрдік.

«Құмар ойынға келу дұрыс емес. Өте көп жасан істерге барасыздар. Сондықтан тек қана өз-өзіңмен жұмыс істеп, дамып, елдермен жақсы қарым қатынаста болуға тілектеспін жастарға», – дейді ойынқұмар.

Депутататтар мен қоғам белсенділері миллиардап қаражат тауып жатқан казинолар мен букмекерлерді емдеу орталықтарын ашуға және оны қаржыландыруға міндеттеу керекпіз деген бастама көтерді. Тұрақты келушілердің арқасында байып отыр екен, солардың ем-домына да азды-көп ақша бөлсін дейді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары