$ 446.49  475.38  4.79

Заңгер "Тұрғынүйқұрылысжинақбанктің" халықты қалай алдап келгенін әшкереледі (ВИДЕО)

Қоғам белсендісі Ермек Нарымбаевтың әйелі, заңгер Зоя Нарымбаева "Қазақстан Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі" АҚ-ның халықты алдап келгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, банк ипотекалық пайызды есептегенде қулыққа басып, салымшыларды кенедей сорып келген екен.

Заңгердің видео-мәлімдемесі әлеуметтік желілерде жарияланды. Оның сөзінен ұққанымыз, аталған банк өзі берген несиеден бөлек, салымшының жылдар бойы жинаған ақшасынан да пайыздық мөлшерлеме алатын көрінеді.

Мәселен, сіз 20 миллион теңге тұратын үйді алу үшін 10 миллион теңгені 3 жыл бойы депозитте жинайсыз. Ал, қалған 10 миллион теңгені сізге "Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі" несиеге береді. Ақылға салсақ, банк өзінің берген 10 миллион теңгесіне ғана пайыздық мөлшерлеме алуы тиіс. Алайда, заңгердің сөзіне сенсек, банк үйдің толық құнына, яғни салымшының жинаған ақшасына да пайыздық мөлшер алып отырған. Бұл дегеніңіз халықтың көзін бақырайтып қойып тонау деген сөз, әрине егер видеодағы мәліметтер шындыққа жанасса.

Егер аталған жайт расымен дәлелденсе, бұл биліктің халықты қанаудағы кезекті құйтырқы әрекеттерінің бірі. Өйткені, "Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі" АҚ тұтастай "Бәйтерек" Ұлттық холдингінің қарамағында. Яғни, ол "Қолжетімді баспана-2020" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырып отырған жалғыз қаржылық мекеме.

Бұған дейін "Бәйтерек" холдингін басқарып, қазір Ұлттық экономика министрі лауазымында отырған Қуандық Бишімбаев орын алған бұл жайттан бейхабар болуы мүмкін емес. "Бәйтеректің" қазіргі басшысы, экс-министр Ерболат Досаев та білікті экономист, ол да "Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің" пайыздық мөлшерлемесін жақсы біледі. Алайда, екеуі де халықтың емес, банктің жағында сияқты, яғни банктің құйтырқы әрекетіне көз жұма қарап отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары