$ 448.15  483.46  4.86

Алматыда «Алашордалықтар және олардың халыққа қызметі» атты кездесуіне 700 студент қатысты

Биыл Алаш қозғалысына 100 жыл толды. Осындай тарихи маңызы жоғары оқиғаға орай Алматы қаласында саяси әрі мәдени шаралар болып өтті. Атап айтсақ, «Алашордалықтар және олардың халыққа қызметі» деген атаумен ЖОО студенттерімен кездесу өтсе, оқушылар Алаш азаматтарының  сирек кездесетін қолжазбаларымен танысып қайтты.

«Қайым Мұхамедханов атындағы Білім мен Мәдениет орталығы қоғамдық қорының» директоры Дина Мұхамедхан мен профессор Нұржанат Рахманова Алматы университеті мен Экономика университеті және Гуманитарлық-педагогика колледжі, Құрылыс және менеджмент колледжі, Медицина колледжі студенттерімен кездесті. Жалпы мұндай жиынға 700-ден аса адам келіпті. Кездесу кезінде студенттер алаштықтардың өмірі, қызмет жолы, саяси көзқарасы мен азаматтық ұстанымы жайлы көп мәліметпен қанықты.

Сонымен қатар, Алматыда қалалық Ішкі саясат басқарамасы қолдауымен Алаш азаматтары жайлы танымдық шара ұйымдастырылды. Жастар алашшыл қайраткерлер жайлы құнды деректерге қанығып, сирек кездесетін қолжазбалар мен суреттерді көрді.

Қайраткердің қызы әрі қор директоры Дина Мұхамедхан «Алаш зиялыларының әрқайсысының тарихын, өмір жолын білу ұрпақ санасын рухани жаңғырта түседі. Олар жайлы әрбір қазақ азаматы білуге тиісті» деп іс-шараның маңызын айқындай түсті. Алаш қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайым Мұхамедхан бала күнінде алты Алашқа аты мәлім тұлғаларды көріп өсіпті. Әкесі ғалым болғандықтан оның үйіне ұлтжанды азаматтар жиі келетін болған. Олардың арасында «Сарыарқа» мен «Абай» газеттеріне демеушілік көрсеткен меценат М.Сейітқұлов бар. Ол әдеби мұраларды сақтап қалуға көп үлес қосқан екен.

Оқушыларға арналған тарихи саяхат кезінде «Менің әкем, ғалым Қайым Мұхамедханов Алаш зиялыларының белгісіз суреттерін жинап, еңбектеріне пікір жазып қалдырып отырған. Басты мақсаты саяси қуғын-сүргінге ұшыраған жандардың ұрпақтарын табу болған. Оның жинаған сирек деректерінің бағасы өлшеусіз», - деді Д.Мұхамедхан.

Осыдан 100 жыл бұрын алаштықтар демократияға қол жеткізген қоғамның бейнесі қандай болатынын айқындап берген еді. Танымдық шара барысында басқарма мамандары мен қор қызметкерлері, профессор Дина Мұхамедхан мұндай тарихи сағаттар санын көбейтудің маңызы жайлы да айтып өтті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары