$ 447.4  477.55  4.76

Түркістанда «Ясауитану» Халықаралық байқауы өтті

«Түркістан түркі әлемінің мәдени астанасы» жылына орай ҚР Мəдениет және спорт министрлігі, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен   Түркі əлемінің жалпы білім беретін оқу орындарының 6-11 сынып оқушылары арасында «Ясауитану» Халықаралық байқауы өтті.

Түркістан қаласы, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет сарайында өткізілген шараға Қазақстан, Түркия, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінен үздік 42 оқушы қатысып, білімдерін сарапқа салды. Білім және өнер сайысының мақсаты - Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасы мен ілімін, «Әзірет Сұлтан» кесенесіне жерленген дара тұлғалардың елі үшін атқарған еңбектерін, сондай-ақ, Түркістан қаласының тарихы мен Әмір Темір дәуірінен қалған құнды ортағасырлық жәдігерлерді және музей ісін насихаттау.

Түркі əлемі жас дарындарының сайысына үш кезеңнен тұратын іріктеу сындарынан жеңіске жеткен оқушылар қатысты. Қатысушылар «Ясауитану» байқауында екі кезең аясында өз мықтылықтарын танытты. Яғни, бірінші  сында еш мүдірмей қатесіз Қожа Ахмет Ясауи хикметтерін жатқа айтса, екінші кезеңде Ясауидің өмірі мен шығармалары, хикметтердегі ұғымдар мен рухани мекен-тарихи кесене жəне ондағы жәдігерлерге қатысты сұрақтарға жауап берді.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге Оңтүстік Қазақстан облысынан қатысқан Ажар Қараман лайық деп танылды. Бірінші орын Ақмола облысынан келген Жанат Оқаның еншісінде. Жүлделі екінші орын Қызылорда қаласының қатысушысы Нұрсұлтан Ақыпбаев мен оңтүстікқазақстандық Роза Сейітқұловаға берілді. Ал, үшінші орынды үш қатысушы өзара бөлісті, олар: түркістандық Роза Хакимова мен Дияра Мажитова және Ақмола облысынан келген Ділнәр Дəулетхан.

Барша қатысушылар мен жеңімпаздар жəне олардың жетекшілері арнайы алғыс хаттар, ақшалай, заттай сыйлықтармен марапатталды.

Жас хикметшілер білімін сараптау бойынша қазылар алқасына «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейінің директоры Н.Ахметжанов төрағалық етсе, ТҮРКСОЙ ұйымының төраға орынбасары Фурат Фурташ, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейінің бас редакторы Əбдікерім Манапов, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, теолог, философия ғылымдарының докторы Досай Кенжетай, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейінің бас қор сақтаушысы Нұржамал Əшірбекова төрелік етті.

«Дәстүрге айналған байқау биылғы жылы халықаралық дəрежеде жүзеге асуда. Өз тарихын, мəдени мұралары мен ғұмырлық ескерткіштерін толық ұғынып құрметпен қарауға шақыратын шара алдағы уақытта да ауқымды түрде өткізілетін болады. Түркі елі балаларының басын қосқан өнер додасы жалғасын табады», - деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейінің директоры Н.Қадырұлы.

Сонымен қатар, ол алдағы уақытта қорық-музейге қарасты тарихи, киелі орындарға арнайы сапарлар ұйымдастырылып, балаларға түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін де айтты. Шара барысында Түркі əлемі елдерінің «Достық» биі ұсынылып, түркістандық өнерпаздардың концерттік бағдарламасы көпшілік қошеметіне ие болды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары