$ 448.56  478.03  4.79

1916 жылғы көтерілістен соң үркінге ұшыраған Қырғыз халқын қорғау туралы Алаш қайраткерлерінің көсемсөз мұрасы

Өткен жылы Қазақ елі әйгілі Алашорда үкіметі мен «Алаш» партиясының құрылғанына 100 жыл толуына байланысты мерейтойлық іс-шараларды кең көлемде жүзеге асырды. Облыс орталықтары мен Астана және Алматы қалаларында халықаралық ғылыми конференциялар, ғылыми-тәжірибелік семинарлар мен дөңгелек үстелдер, түрлі жанрдағы шығармашылық жиындар мен жүздесулер, ақындар айтысы мен мүшайралар, пікірталас клубтарының жарыстары ұйымдастырылып, Алаш қайраткерлерінің Орталық Азия халықтарының азаттығы жолындағы күреске толы өмірбаяндары мен шығармашылық мол мұраларын халық жадында жаңғырту бағытында қыруар іс тындырылды. Кино, театр туындылар мен теле-радио бағдарламалары, деректі және көркем фильмдер дайындалып, түрлі жанрдағы мамандандырылған көрмелер ұйымдастырылды. Алашорда мен «Алаш»партиясының түрік халықтарына ортақ құндылықтарын төрткүл дүниеге паш еткен жаңа кітаптардың тұсауы кесіліп, қалың оқырманмен түрлі форматта таныстырылымы жасалды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда, түрік дүниесінің тұтастығы мен туыстығын арттыру жолында бастарын бәйгеге тігіп, қыруар еңбек сіңірген, соңдарынан өшпес із қалдырып, ұрпаққа үлгі-өнеге жолын түзген Алаш қайраткерлері мен оқыған-тоқыған зиялыларының шеті жоқ шексіз еңбектерінің өтемі боларлық біраз шаруа тындырылды.Осындай іс-шаралардың бірқыдыруын түбі бір, тарихы тамырлас, тілі ортақ Түркия елінің зиялылары ұйымдастырғанынан хабардармыз. Өкінішке қарай, түрік халықтарының арасынан ең туыстас, шекаралас, қойы қоралас, адамы аралас, еш тәржімасыз тілдесе беретін Қырғыз елі Алашорда мен «Алаш» партиясының 100 жылдық мерейтойын атап өтіпті дегенді еш естігеніміз жоқ. Егер аталып өтіп, бізге ақпарат жетпей жатса, оған біз кінәлі емеспіз. Алаштанушы-ғалымдармен етене араласпыз, ондай шараға қатыстым деген біреуі болмағандықтан айтып отырмыз. Ал, әділеттігіне келгенде, қырғыз туғандар Алашорда үкіметі мен «Алаш» партиясының құрылғанына 100 жыл толған мерейтойды Қазақ елімен бірдей атап өтіп, Алаш қайраткерлерінің рухына тағзым етуге тиісті еді. Тарихи шындық соны талап етеді.

ХХ ғасыр басында Ресей империясының бодандығындағы қазақ-қырғыз халқының тарихи тағдыры қыл көпірдің үстінде тұрды. Жойылып кету қаупі төнген қысылтаяң уақытта қазақтың оқыған зиялылары туыстас түрік халықтарының ортақ тағдырын ойлап қана қоймай, қапастан аман алып қалу қам-қаракетін де жасады. Сөзіміздің  жаны бар екеніне көз жеткізу үшін деректерге жүгінген жөн болар.

Алашорда үкіметі мен «Алаш» партиясының құрылуы – 1905 жылы атақты Қарқаралыдағы Қоянды жәрмеңкесінде патшалық Ресейдің отарлық саясатына қарсы 14500 адам қол қойған әйгілі құзырхаттан (петициядан) бастау алатын, тарихта  Алаш қозғалысы деген атпен мәлім, қазақ зиялыларының ерен күресінің жемісі. Сол құзырқаттың бір талабы бойынша 8 жыл дайындықтан кейін 1913 жылы Орынбор қаласында жарық көрген «Қазақ» газеті, шын мәнінде, «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» (Ахмет Байтұрсынұлы)  қызметін адал атқарып, Алашорда үкіметі мен «Алаш» партиясының құрылуына ұйытқы болды десек, тарихи шындық салтанат құрған болар еді.    Алаштың ойшыл ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлы «Қазақ» құтты болсын!» атты өлеңінде:

«Дүниеге келді бізден бір талапты ұл,
Ержетсе бар қазақтың басшысы бұл.
Бөгеттен ауру-сырқау аман сақтап,
А, құдай, құтты, өмірлі, бақытты қыл!

Үмітті Орынбордан бала туды
Қолына жарық сәуле ала туды
Мақсаты қараңғыда жүрген халқын,
Ойлайды тура жолға қаратуды.

Күтіп ем туа ма деп көзім сүзіп,
Бұл кезде кетіп едім күдер үзіп,
Хабарын «Уақыттан» білгеннен соң
Тірілді өлген үміт қаным қызып.

Көп қайғы болды бүгін ұмытылғандай,
Бейнеттен бір зор ауыр құтылғандай,
Жақындап жан шығарға шөлдегенде
Құмартқан сусын бейне жұтылғандай.

Қайғысыз жас жігіттей бола қалдым,
Бір тамшы қарлығаштың суындай ғып.
Алуға жылдық «Қазақ» ақша салдым,
Табармын шамам келсе тағы жолдас,
Қам қылмай, қартайдым деп жатып болмас.
Үмітті жаңа туған жас баланы
Ағайын қырғыз-қазақ түгел қолдас!

Ойлама газет бізге не керек деп,
Газетсіз ел жаны жоқ өлгенге есеп.
Көл болар көп түкірсе деген қане
Кетпей ме бір тоқтыны қасқырда жеп?..» деп жырлағандай [«Қазақ» газеті /Құрастырушылар: Ү.Субханбердина, С.Дәуітов, Қ.Сақ/. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998.- 27-б. Әрі қарай да осы еңбекке сілеме жасаймыз] «Қазақ» газетінің алаш үшін тарихи құндылығы орасан зор болғанын алаштанушы-ғалымдар айрықша жоғары бағалайды.

Шәкәрім ақын: «Үмітті жаңа туған жас баланы Ағайын қырғыз-қазақ түгел қолдас!» – деп бекер өлеңіне қоспағаны айтпаса да түсінікті. Осыдан-ақ «Қазақ» газетінің қазақ халқының ғана емес, қырғыз туғандардың да қамын қатар ойлаған басылым болғанын аңдау қиынға соқпаса керек. Оған аталмыш апталықтажарияланған алаштың ардақты азаматы Міржақып Дулатұлының «Оян,қазақ! (Босқан қырғыз бауырларыма арнадым)» деген шағын хабарламасы айқын дәлел бола алады. 1916 жылғы патшалық Ресей монархиясыныңқол астындағы бұратана халықтардың жастарын қара жұмысқа  алу туралы әйгілі «25 июнь»  жарлығына  қарсы ұйымдастырылған ұлт-азаттық көтерілісінен кейін үркіншілікке ұшыраған қырғыз халқының тағдыр тауқыметін кішкенеде болса жеңілдету мақсатында қам-қарекет жасағанын баяндайтынжарияланымды қырғыз туысқандар үшін құнды болғандықтан тұтас келтіргенді жөн көріп отырмыз:

«Оқушыларға мағлұм, «Оян қазақ!» атты өлең кітабымды ескі үкімет шам көріп, «Қазақ оянып кетеді» деп қорқып, 1911 жылы мені судқа берді, сол себепті  жыл жарымнан артық абақтыда жатып шықтым. “Оян, қазақ!” халық арасына тарамасын деп, үкімет хакім салды. Сонан кейін қолға түспеген 1000 дана “Оян, қазақ!” алты жылдан бері бір орында жасырынып жатыр еді. Енді, құдайға шүкір, азаттық таңы атты, ескі үкімет мүрдем кетті, шағымшы «бауырларымыздың да» көзі жоғалды.           Жауыз үкіметтің жауыздығымен былтырғы 25 июнь жарлығы тақырыпты қазақ халқы қан жылады, бәрімізден артығырақ қырғыз бауырларымыз қырғынға ұшырады. Күні бүгіне шейін сол қырғыз бауырларымыздан көп ел Қытай жерінде босқындықта, ашаршылықта, қырғында. Жас балаларын бір шелек бидайға, бір тоятын тамаққа сатып, қатын-қыздарын бір қойдың пұлына айырбастап, естиярлары мойындарына дорба салып, тіленші болып кеткендігі мағлұм болып тұр.

Сондықтан сақтаулы мың дана “Оян, қазақтың!” ақшасын әлгі босқында жүрген жетім-жесірлердің пайдасына бағыштадым. Бұрынғы қақы 20 тиын еді, енді пұлы мынандай қайырлы іске жұмсалатын болған соң, алушыларға бағасы 50 тиын болсын деп мөлшерледім. Почта қақы – кітап басы 2 тиын. Скидка жоқ. Бір кісіге 50 кітаптан кем сатылмайды. Ақшасын төменгі адрес бойынша күні бұрын жіберу керек. Бұлай деуімнің себебі тезірек өтіп, ақшасын ашаршылықтағы бейшараларға тезірек тапсырылсын деген. Мың дана кітап тез сатылса, сонан өнген 500 сом шамалы ақша, көп пұл болмаса да, ел-жұрт, жер-су, мал-мүлкінен айырылып, бұл күнде бір тілім нанға зар болып тұрған сорлыларға аз да болса, қорек болар еді. Бұл бейшара бауырларымызды ескеру, өлімнен-қырғыннан құтқару алаш азаматының адамшылық борышы!

“Оян, қазақты!” жоғары шартпен алдыруға талабы бар, сорлы болған бауырларына жаны ашыған азаматтар мынау адрестегі Жұмағали Тілеулиннен алдырсын. Адресі: г.Петропавловск, Акмола обл., Уездная больница, фельдшеру Джумагалию Тлеулину» [«Қазақ»...394-б.].

Қазақ пен қырғыздың қамын қатар күйттеген «Қазақ» газетінде «Ішкі хабарлар» айдарымен «Босқан қырғыздарға 200мың» деген тақырыппен хабар-ошар жарияланған:

«Қазақтың» өткен нөмерінде жазылып еді, Әлихан Мұхамеджанға (Тынышбаев) телеграм соқты, босқын қырғыздар үшін қазынадан 200мың сом жәрдем сұраңдар деп. Мұхаметжаннан Әлиханға жауап телеграм келді: «200 мың сом алатын  болдық» деп. Мұхаметжан телеграмында айтады: «Бұл 200 мың да ешнәрсеболатын емес. Қырғыздардың халі нашар, сорлыларға басы аман алаштың азаматы қараса көрсін» [«Қазақ»...398-б.] - деген ақпаратты кешегі де, бүгінгі де көзі қарақты оқырман тебіренбей оқуы мүмкін емес. Алаш арыстарының қырғыз туғандардың басына түскен тауқыметті қазақтардың тағдыр тәлкегінен кем көрмей, шынайы қамқорлық танытқанын дәлелдейтін дерек Қырғыз елінің тарихында алтын әріптермен жазылуы керектігін ешкім де жоққа шығара алмасы хақ.  Өйткені дерекке жүгінген тарих ертеме, кешпе әділеттіктің салтанат құруын талап ететіні адамзат баласына әлімсақтан белгілі.

ХХ ғасыр басындағы аласапыран заманда ақиқаттың айнасы бола білген «Қазақ» газеті қырғыз бауырлардың басына түскен қиямет қайымды жеңілдету мақсатында қалт жібермей, бақылауда ұстап, көзі қарақты оқырманды нақты деректермен ақпараттандырып отырған. Оған мына жарияланымдар айқын дәлел:

«Жетісу қамы үшін 15 июльде Орынбор арқылы Жетісу комиссары Мұхаметжан Тынышбайұғлы Петроград кетті. Мұхаметжан үкіметке Жетісу облысының хал-жайын доклад қылып, 25 июнь жарлығы тақырыпты бүліншілікке қазынадан жәрдем сұрамақ. Сөйтіп бірін-бірі қырғынға ұшыратқан һәм бұл күнге шейін бір-біріне кек сақтап, іштеріне қан қатқан екі жұртты татуластыру қамына кіріспе».

Газеттің бір санында қатар жарияланған заметканың екіншісі «Қырғыз-қазақ шығыны» деп аталады. Онда мынадай құнды деректер келтіріледі:

«Мұхаметжан Тынышбайұғылының  жинаған мағлұматынша Қытай жеріне (Құлжа һәм Қашқар өлкелеріне)босқан қырғыз-қазақтыңсаны 164 мың адам екен. Сонан үстіміздегі июльдің біріне шейін қалғаны 83 мың, жеріне қайтқаны 69 мың, Қытай жерінде қалғаны 12 мың екен. Біз бұрын қырғынға ұшыраған жалғыз қырғыз деп жүруші едік, Мұхаметжанның айтуынша, Жаркент уезіндегі албандардың (Ұлы жүз) босқыны, қырғыны қырғыздардан кем емесекен.

Алаштың азаматы! Тағы да құлақтарыңа саламыз, қырғыз-қазақ бауырларыңды ұмытпа» [«Қазақ»...403-б.].     

Қырғыз халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістен кейін үркіншілікке ұшырауынан туған тауқыметті жеңілдету мәселесі 1916 жылдың 21-26 шілде аралығында Орынборда өткен жалпы қазақ съезінде де қаралыпты. Онда «Жетісу оқиғалары» деген тақырыппен XIII тарауда мынандай қаулы қабылданады:

«1) Сьез соғыс һәм ішкі істер министрлеріне суыт телеграмм берді, Жетісудағы қазақ-қырғызды атып-жаншып жатқан мұжықтардың һәм соғыстан қайтқан солдаттың қолынан қару-жарағын  сыпырып алып, халықты тыныштандырсаңыз екен. Қазақ-қырғыз орысқа жәбір бермесіне біз кепілміз деп.

2) Жетісу облысындағы ашаршылықтан қырылып жатқан қазақ-қырғызға алаш баласы жәрдем беруін съез өтінеді» [«Қазақ»...409-б.].         

Туысқан қырғыз халқының басына түскен ауыр қасіретті жеңілдету мәселесі сьездің күн тәртібіне енуінің өзі нені байқатады? Әрине түбі бір туысқанға деген Қазақ елінің кең қолтық қамқорлығын тапжылтпай танытады. Үй-күйсіз, арып-ашып, босқан қырғыздардың ауыр халін түрік дүниесіне хабарлап қана қоюмен шектелмей, шынайы жаныашырлықтың хас үлгісін көрсеткен «Қазақ» газетінде жарияланған көсемсөз туындылары деректілігімен құнды. Ол ешқандай тарата талдауды қажет етпейді.

Өкініштісі сол, осындай туысқандық қамқорлықты қырғыз туғандардың елеп-ескермей, бүгінде ұмыт қалдырғаны жанға батады. Өйтпесе, Алашорда өкіметі мен «Алаш» партиясы құрылғанының 100 жылдық мерейтойын өз деңгейінде атап өтуге,“аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді” деген қазақ мәтеліне сай, Алаш арыстарының жанкешті еңбектерінің жоғары бағасын беріп, тиісінше сый-құрмет көрсетуге тиісті еді. Оның жүзеге аспауы, біздіңше, тарихтың алдында үлкен сын.

Қайрат САҚ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, филология ғылымдарының кандидаты

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары