$ 448.15  483.46  4.86

Қарағанды облысындағы ірі өндіріс орны жаңғыртылатын болды

Тек Қарағанды облысындағы ғана емес, еліміздегі ірі өнеркәсіп орындарының бірі боп саналатын «Maker» Қарағанды құю-машина құрастыру зауыты биыл жыл соңына дейін толықтай жаңғыртылатын болды. Бұл туралы бүгін зауытқа арнайы келген «Атамекен» ҚР ҰКП Президиум Төрағасы Тимур Құлыбаевпен болған кездесу барысында айтылды.

«Maker» зауытының негізгі жұмысы – тау-кен және шахта құрылғыларын жасап шығару, сондай-ақ, «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС кәсіпорнын қосалқы бөлшектермен және машина құрстыру бағытындағы жабдықтармен қамтамасыз ету.

Айта кетейік, 2014 жылы «Өнімділік-2020» бағдарламасы бойынша кәсіпорынды жаңғырту жұмыстары басталды. Зауыт кешендік жоспар құруға жұмсаған шығындарының 7,9 млн теңгесін қайта алды, сондай-ақ 4,2 млрд теңге көлемінде жеке қаражат, 10 млрд теңге қарызға қаржы алып салған. Атқарушы директор Александр Нарежневтің айтуынша, 2018-ші жылдың соңына қарай кәсіпорын толықтай жаңғыртылатын болады. Мұнда қазірдің өзінде қазіргі заманғы роботтандырылған жабдықтар орнатылған, шығарылатын өнімнің сапасы жақсарып, көлемі ұлғайған. Бүгінгі таңда 12 млрд теңгеге 287 бірлік негізгі, қосалқы және өлшеуіш құрылғылар қойылып іске қосылды. Ол нақты нәтижелерін беріп жатыр – екі жылда өнім өндірісін 3,1 млрд теңгеден 6,6 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік туды.

Жаңғырту жобасының жалпы құны 13762 млн теңгені құрайды. Кәсіпорын жаңғыртудан өткеннен соң, 99 жұмыс орны құрылады, жобалық қуаттылығы артады, жылына 11900 тонна өнім шығаруға мүмкіндік алады деп көзделуде.

Негізі, жобаның міндеті – қолданыстағы машина жасау өндірісін жандандыру, өндірістік қуаттылығын 3-4 мың тоннадан 12 мың тоннаға дейін ұлғайту. Ал, зауыттың өзі 80% жаңарады. Еуропа, Америка, корей, түрік өндірушілерінің алдыңғы қатарлы құрылғыларымен жабдықталады. Замануи құрал-жабдықтар осы зауыттан табылмақ. Жаңғыртудан кейін зауыт өнімін шетел нарығына шығарып, сонымен бірге, импорт алмастыруды 70%-ға дейін қамтиды деп күтілуде.

Кәсіпорын ҚР Инвестициялар және даму бойынша министрлігімен жабдықтарды импорттау кезінде баж төлеуден босату жеңілдігін алу туралы келісімшар орнатты.

Тимур Құлыбаев зауыттың жетістіктері мен оның жаңғыруын атап айтты. Ол өз кезегінде бәсекелестік деңгейін жоғарылатып, өз жеке өндірісін арттыруға септігін тигізеді. Ол Аймақтық кәсіпкерлер палатасына облыс әкімдігімен бірлесе отырып отандық тауар өндірушілердің Бірыңғай реестріне енгізу үшін жергілікті әлеуетті өндірушілердің тізімін жасау туралы ұсыныс айтты.

Сонымен қатар, Тимур Құлыбаев облыстағы тағы бір нысанға ат басын бұрып, оның жұмысымен танысып қайтты. Ол – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде құрылған бірінші облыстық мамандандырылған аллергологиялық орталығы.

- Ауданы 1 300 шаршы метр орталық бір ауысымда 100 науқасты қабылдауға шақталған. Ол Olymp Medical Grouр компаниясының есебінен құрылған. Салынған қаражат 500 млн теңгеге жуық, оның жартысы заманауи жабдықтарды алуға жұмсалды. Біз зертxаналық зерттеулер арқылы 200-ден астам аллергендерді анықтай аламыз, 10-нан астам тері сынақтарын жасаймыз. Қызметтерді емделушілер мемлекеттік тапсырыс бойынша тегін ала алады, - деді «Olymp Medical Group» ЖШС бас директоры Тимур Сүлейменов.

Орталық базасында Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің иммунология және аллергология кафедрасы ашылды. Клиникада сонымен қатар түрлі ғылыми зерттеулер де өткізіледі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары