$ 445.66  474.58  4.78

Атырау облысының АӨК секторын дамыту үшін 222 грант бөлінген

Қазақстан экономикасының қозғаушы күштерінің біріне ауылшаруашылық саласы айналуы тиіс. Еліміздің егіншілік жері кең, жайылым жері байтақ. Қазақстан алдағы уақытта тек табиғи таза ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін санаулы елдердің біріне айналмақ. Сондықтан, үкімет елдегі агроөнеркәсіп секторын дамытуды қолға алуы керек. Бұл Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол» бағдарламасын жариялаған кезде үкіметке жүктеген тапсырмаларының бірі болатын.

Бұл тапсырмалар бүгінде қарқынды жүзеге аса бастаған. Әсіресе, өңірлердегі жұмыстарға жан бітіп, жерді емген шаруалардың еңбегі еленіп жатыр. Мұны «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері де растап отыр. Палатаның аймақтардағы өкілдіктері облыс басшыларымен кездесулер өткізіп, агроөнеркәсіп секторын одан әрі дамытуң мәселелерін талқылауда.

Оысндай жиындардың бірі Атырау облысының орталығында өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен өтті. Жиынға сондай-ақ, ауылшаруашылық өнімдерін өндіруші кәсіпкерлер де қатысып, жаңашылдықтардан құлағдар болды.

​Кездесуді ашқан Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев аймақ экономикасы үшін агроөнеркәсіп кешенін дамытудың маңыздылығын атап айтты. Өңір басшысының мәліметінше, өткен жылы жергілікті бюджет есебінен аймаққа керек мамандарды дайындауға 222 грант бөлінгеніпті.

​- 179 грант педагогикалық мамандықтарға бөлінді. 35 грант дәрігерлерді, 9 грант мал дәрігерлерін дайындауға арналды. Қажет мамандықтарға мониторинг жүргізіп отырамыз. Жақында өңірде мұнай-химия кешені жобасын жүзеге асыру басталады. Осы бағытта да мамандар керек. Скрининг жағдайды нақты анықтау үшін де қажет болады, - деді Нұрлан Ноғаев.

​Аймақ басшысы «Бастау бизнес» бағдарламасына да назар аударды. Бағдарлама бойынша оқығандардың жартысынан көбі мақсаттарына жете алмаған.

​- Облыс бойынша осы бағдарламаға сәйкес 750 адам оқытылды, соның 135-і ғана өз істерін ашты, ал қалғандары қайда? Сонша адамды оқыту қажет пе? Сан емес, сапа маңызды, осыған көңіл бөлу керек. Аз болса да, саз болсын деген сөз бар, - деді Нұрлан Ноғаев.

​Кәсіпкерлер палатасының өкілдері өңірдегі ауыл шаруашылығын дамытудың проблемаларын ашық айтты. Скрининг қортындысы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 63 млрд теңге немесе 200 млн доллар болғанын көрсеткен. Мал шаруашылығы – 57%, егін шаруашылығы – 42%.​

​- АӨК дамуына кедергі келтіретін факторлар да бар. Мысалы, суару бойынша инфрақұрылым жетіспейді. Қолданыстағы суару жүйелері техникалық жағынан тозған. Индер ауданында су қымбат болғандықтан суарылатын жер ауданы 20 есе азайған. Салыстыру үшін айтсақ, Атырауда судың құны Қазақстандағы орта есептен 4 есе қымбат. Бұл мал шаруашылығының дамуына кедергі келтіріп отыр. Жемнің орташа бағасы Атырауда басқа аймақтармен салыстырғанда 1,5 есе жоғары, сондықтан жергілікті фермерлерге біраз қымбатқа шығады, - деді «Атамекен» ҰКП өкілдері.

​Шынымен де аймақта сумен қамту проблемасы өзекті болып отыр. Жергілікті билік субсидиялау мәселесін жиі көтергенімен, нәтиже жоқ. Соған қарамастан әкімдік су каналдарының дұрыс жұмыс істеуін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Республикалық баланстағы 15 каналдың төртеуі жергілікті билікке берілген. Қалғандары бойынша да мәселе шешілу үстінде. Суландыру каналдарын облыстың иелегіне беру каналдарды жөндеу мен тазарту жұмыстарын жергілікті бюджет есебінен қаржыландыруға жол ашады, бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге біраз көмек болады.

​Жиналыста балық саласының ары қарай даму мәселесі де қозғалды. Квота бөлудің ашықтығы, балық аулау уақытын ұзарту, бекіре зауыттарын қайта құру мәселелері айтылды. Талқыланған проблемалар бойынша ұсыныстарды қаперге алып, Ауыл шаруашылығы министрлігінің талқылауына енгізуге шешім қабылданды.

​- Өте өзекті сұрақтарды талқыға салдық. Жұмыс жүріп жатыр, оған аудан әкімдері, жалпы жұртшылық, депутаттар тартылды. Кәсіпкерлер палатасымен бірге проблемалық аумақтарға скрининг жасап, алда тұрған міндеттерді бағамдаймыз. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын ел экономикасының драйвері деп үнемі айтып келеді. Әлеует бар, мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау да, қаржы да жеткілікті. Талқылау барысында айтылған жайттарды назарға алуымыз керек. Бірлесіп жұмыстанғанда ғана аймақтың агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасын лайықты жүзеге асыра аламыз, - деді жиналысты қортындылаған Нұрлан Ноғаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары